Accessibility links

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында даладағы өртке байланысты төтенше жағдай жарияланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Жангелдин, Ақтас, Амангелді ауылдарында даладағы өртке байланысты 5 шілдеде төтенше жағдай жарияланды. Құтқарушылар өрттен қаза болған 23 жастағы жігіттің мәйітін тапқанын хабарлады.

Ұлытау ауданында өртке байланысты төтенше жағдай жарияланғанын Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек те желіде хабарлады.

"Өкінішке қарай, жас жігіттің денесі табылды. Тергеу жүргізіліп жатыр. 200-ден астам қой қырылды. Қазір облыс бойынша 17 табиғи өрт ошағы бақылауға алынды. Оқиға орнында тәулік бойы 70 техника, 350-ден астам құтқарушы мен ерікті жұмыс істеп жатыр. 15 өрт ошағының оны сөндірілді. Қазір екі жердегі дала өрті және бес өрт ошағы бақылауға алынды" деді әкім Facebook желісінде.

Кеше, 4 шілдеде жергілікті басылымдар Қоскөл ауылынан 40 шақырым жерде өртенген УАЗ көлігі мен күйіп кеткен жігіттің денесі табылғанын хабарлаған.

Құтқарушылардың сөзінше, қаза тапқан адам өрт сөндіруге тартылғандардың қатарында болмаған. Қазір оның өліміне не себеп болғанын жергілікті полиция анықтап жатыр.

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, төтенше жағдай үш ауылдық округте жарияланған.

Ratel.kz сайтының жазуынша, Ұлытау ауданында қатты ыстықтан далада өрт болып, малдар қырылған.

Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, Жангелдин ауылының маңайында 200 қой мен ешкі, 10 ірі қара мал өлі күйі табылған.

Жергілікті басылымдардың жазуынша, өрт сөндіруге халық та атсалысып жатыр. Мал ауыл тұрғындары үшін негізгі табыс көзі саналады.

Әкімдіктің хабарлаунша, оқиға орнына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров барған, шығын көлемін есептеу үшін арнайы комиссия құрылған.

Қарағанды облысының батысындағы Ұлытау ауданының аумағы 122,9 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл – Қазақстандағы аумағы жағынан ең үлкен аудан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG