Accessibility links

Тбилисиде гей-парад алдында жаппай тәртіпсіздік болды. Шеру өтпей қалды


ЛГБТ шеруіне қарсы жиналған жұрт. Тбилиси, 5 шілде 2021 жыл.
ЛГБТ шеруіне қарсы жиналған жұрт. Тбилиси, 5 шілде 2021 жыл.

5 шілдеде Грузия астанасы Тбилисиде ЛГБТ өкілдерінің жоспарланған шеруінің (гей-парад) алдында тәртіпсіздік болып, радикалдар ЛГБТ өкілдерінің туларын жыртты.

Парад ұйымдастырушылары дүйсенбі кешкі бесте шеруге шығатындарын мәлімдеген. Жергілікті басылымдардың жазуынша, ондаған ер адам ЛГБТ шеруін ұйымдастырушылар отыратын кеңсеге келген. Олар күшпен ЛГБТ белгілерін, туларын жыртты. Полиция олардың әрекетін сырттай бақылап тұрған.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, мыңдаған адам көшеге жиналып, шеруге кедергі жасаған.

Кейін шараны ұйымдастырушылар шеру өтпейтінін хабарлады.

5 шілдеде парламент алдындағы алаңда журналистер мен операторларға да шабуыл жасалды. Олардың арасында Азаттықтың Грузин қызметінің екі тілшісі Торнике Мандария пен Дато Коридзе бар. Олар кәсіби қызметін орындап жүрген кезде зардап шеккен. Азаттық тілшілерінің техникалары да сынған. Грузия билігі “Журналистердің қызметіне кедергі келтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бұған дейін ел премьері Ираклий Гарибашвили Тбилиси орталығында гей парад ұйымдастырмауға шақырып, “бұл шара қоғамда қарсылыққа ұшырауы мүмкін” деген.

“Грузияның өз дәстүрі, өз өмір салты бар” деді ол.

Гарибашвили шеруге грузин халқының көбі қарсы шығатынын, бірақ барлық азаматтың конституциялық құқығы қорғалатынын жеткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG