Accessibility links

Алматыда полиция жеті сағаттан аса кетлингте тұрған "Демпартия" белсенділерінің кейбірін әкетті


"Басымнан, жағымнан, бүйректен тепті". Мамайдың жақтастары арнайы жасақтан "таяқ жеген"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:45 0:00

Алматыда Абай мен Ахмет Байтұрсынов көшелерінің қиылысында полиция қоршауында қалған "Демпартия" жақтастары полициямен қақтығысып, кемі үшеуін арнайы жасақ әкеткен. Тағы екеуі жарақаттанып, жедел-жәрдем шақыртылған. Бұл туралы Азаттыққа "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі, белсенді Инга Иманбай айтты.

- Белсенділер кетлингте тұрғанына жеті сағат болды. Бір сағат бұрын арнайы жасақ қоршаудағы Ырысбек Тоқтасынды, Дәурен Достияров пен Уәлихан деген үш адамды күштеп, қарсылығына қарамастан алып кеткен. Қай полиция бөлімшесінде екенін анықтай алмай отырмыз, - дейді Инга Иманбай.

Оның сөзінше, тағы екі белсенді – Абзал Достияров пен Теміртас Ниғматуллаев жараланып, жедел-жәрдем шақыртылған.

- Жедел жәрдем келіп, "бас-миыңыз шайқалған болуы мүмкін, бізбен жүріңіз" деді. Бас тарттым. Жағым ауырып, тыныс алуым қиын болып тұр. Арнайы жасақ бізді қыспаққа алып, арамыздағы қарындас-әпкелерімізге күш көрсете бастағанда біз шыдамай қарсылық көрсеттік. Сол сәтте бізді жығып алып, тепкілей жөнелді. Абзалды да (Достияров) тепті, аяқ-қолы сырылған, жанымда тұр. Арамыздағы үшеуін де ұрып-соғып, алып кетті, - деді Теміртас Ниғматуллаев Азаттыққа.

Полиция департаменті бұл жайтқа байланысты ресми мәлімдеме жасамады.

"Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ жұртты 6 шілде – Астана күні әрі елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні – жұртты билікке қарсы бейбіт митингіге шақырған.

Арнайы жасақ түскі 12-де Балуан Шолақ спорт сарайы маңында наразылыққа келген жұртты құрсауға (кеттлингке) алып, содан бері босатпай тұр.

"Демпартия" митинг орны деп белгіленген жерде интернет бұғатталып, күзет күшейген.

"Демпартия" митингісіне келгендер билік саясатына, "Қытай экспансиясына", қымбатшылыққа қарсы шығып, "Назарбаев, кет!", "Үкімет отставкаға кетсін!" деп айғайлады.

Назарбаевтың туған күнінде өткен митингіде наразылар полициямен қақтығысты. Жараланғандар да бар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

6 шілде Қазақстанда Астана күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетсе де, билікке ықпал етіп отыр.

Шетелде тұратын оппозиционер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов та жұртты 6 шілде кешкісін митингіге шығуға шақырған.

Ақтөбеде полиция Әблязов митинг орны деп белгілеген жерге келген бірнеше адамды ұстаған.

Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" дейді.

Билік сыншысы Әблязов ҚДТ-ны "экстремистік" деп таныған сот шешімінің "саяси астары бар" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG