Accessibility links

Оралда жүздей адам "екпені міндеттеуге" қарсы митингіге шықты


Оралдағы "екпега қарсы" митинг. 6 шілде 2021 жыл.
Оралдағы "екпега қарсы" митинг. 6 шілде 2021 жыл.

6 шілде БҚО орталығы Оралда жүзге жуық адам Мәншүк Мәметова алаңына жиналып, коронавирус вакцинасын міндеттеуге қарсы митингіге шықты. Бұл маңға жұртты митингіге шетелде тұрып жатқан экс-банкир, билік сыншысы Мұхтар Әблязов шақырған.

Наразылық шарасы жергілікті уақыт бойынша кешке алтыларда басталды. Алаңның әр тұсынан жұрт екпені міндеттеуге қарсылық білдірді. Олардың көбі екпе алмағаны үшін жұмыс орындарында қысым болып жатқанын айтты.

Жиналғандар "Біз вакцинаға қарсымыз!" деп айғайлады.

Алаңға келген әкімдік өкілдері мен санитарлық бақылау бөлімінің қызметкерлері жұртты тарауға шақырып, облыс коронавирус тарауы бойынша "қызыл аймақта" екенін ескертті.

— Билік өкілі ретінде айтарым, ешкімді екпе алуға мәжбүрлемейміз, - деді БҚО әкімнің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Митинг кезінде "Шал, кет!" деп те айғайлағандар болды. Бұл – кейінгі уақыттағы билікке қарсы наразылық шараларында жиі айтылатын лозунгке айналды. Жұрт бұл сөзді президенттіктен кетсе де билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата айтады.

Оралда митинг өтеді деп белгіленген аумақта шара басталмай жатып күзет күшейіп, қоршалған еді.

ҚДТ қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов (Қазақстан оны өмір бойына соттаған, оппозиционер бұл сот шешімінің саяси астары бар деп санайды) 6 шілде – Астана күні және Назарбаевтың туған күні – жұртты билікке қарсы "30 жылдық маразм" митингісіне шақырған. Ол митингіде екпені міндеттеу мәселесін көтеруді де айтқан.

Осы күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбеде күзет күшейіп, бірнеше адам ұсталды. Бірақ кең көлемдегі наразылық шарасы болмады.

Қазақстан соты Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

6 шілдеде Алматыда тағы бір – "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай мен оның жақтастары да қымбатшылыққа, "Қытай экспансиясына" қарсы митинг өткізбек болған. Арнайы жасақ оларды кетлингке алып, бірнеше сағат бойы ұстап тұр. Кейбірін полиция алып кеткен.

  • Қазақстанда екпе науқаны ақпанда басталған. Маусым соңында билік коронавирустың дельта вариантының тарауына байланысты қызмет және білім саласында істейтіндерді, еңбек ұжымдарын екпе алуға міндеттеген. Ресми дерек бойынша, елде 3,8 адам екпенің бір дозасын, 2,2 миллион адам екі дозасын да алған. Кейбір ғалымдар коронавирустың жаңа варианты тарап жатқан тұста екпе ғана індетті тоқтатуға көмектеседі деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG