Accessibility links

Қамалған белсенділерді көрсетуді талап еткен "Демпартия" аштық жариялайтынын мәлімдеді


Алматы полиция департаментінің алдына жиналған адамдар полиция бастығының орынбасарынан бір күн бұрын қамалған белсенділер туралы сұрап тұр. 7 шілде 2021 жыл.
Алматы полиция департаментінің алдына жиналған адамдар полиция бастығының орынбасарынан бір күн бұрын қамалған белсенділер туралы сұрап тұр. 7 шілде 2021 жыл.

7 шілдеде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" өкілдері Алматы қаласы полиция департаментіне барып, бір күн бұрын қамалған үш белсенді туралы ақпарат беруді талап етті. Сейсенбі күні олардың "ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік жауапқа тартылғаны белгілі болғанмен қайда екенін анықталмаған еді.

Полиция алдына 20-дан астам адам жиналды. Наразылардың алдына шыққан полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановтың айтуынша, үш белсендінің бірі Ырысбек Тоқтасын – Еңбекшіқазақ ауданының уақытша қамау изоляторында, Дәурен Достияров Қаскелеңдегі изоляторда қамауда жатыр. Ал үшінші белсенді Уәлихан Сұлтанов денсаулық жағдайына байланысты ауруханаға түскен.

"Бірақ Денсаулық кодексіне сәйкес, оның нақты қай ауруханада жатқанын айта алмаймыз" деді полиция бастығының орынбасары. Алматы полициясы таратқан хабарламада Сұлтановтың денсаулығына байланысты әкімшілік жауапкершіліктен босатылғаны жазылған. Оның нақты қай жерінен жарақаттанғаны және жағдайы белгісіз.

6 шілде күнгі наразылық кезінде бірнеше белсендінің жарақат алғаны белгілі болған. Кейбір куәгерлердің сөзіне қарағанда, полиция наразыларды кеттлингтен шығармау үшін кері итерген кезде Уәлихан Сұлтанов құлап, "басы парковканың теміріне тиген". Азаттық тілшісі бұл мәліметті тексеріп жатыр.

Алматы полиция департаментінің алдына жиналған адамдар полициядан бір күн бұрын қамалған белсенділер туралы ақпаратты талап етіп тұр. 7 шілде 2021 жыл.
Алматы полиция департаментінің алдына жиналған адамдар полициядан бір күн бұрын қамалған белсенділер туралы ақпаратты талап етіп тұр. 7 шілде 2021 жыл.

Сәрсенбі күні полиция алдына жиналғандар үш белсендінің денсаулығына алаңдап, оларды көрсетуді талап етті.

"Егер бүгін бұл талап орындалмаса, ертеңнен бастап департамент алдында аштық жариялаймыз" деді саяси белсенді Жанболат Мамай.

Сағат 16.30 шамасында белсенділер департамент алдынан кетпей тұрды. Ал полиция өкілдері ішке кіріп кетті.

6 шілдеде елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні атап өтіліп жатқан шақта "Демпартияның" ондаған өкілі Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында қымбатшылық, Қытай экспансиясына қарсы митинг өткізбек болған. Бірақ полиция оларды кеттлинге алып, шеру жасап жүруіне мүмкіндік бермеді. Полициямен текетірес кезінде бірнеше адам жарақат алған. Кемінде үш адам ұсталған.

6 шілдеде түнде үш белсенді – Ырысбек Тоқтасын, Дәурен Достияров және Уәлихан Сұлтановтың "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша он күнге қамалғаны белгілі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG