Accessibility links

Ташиев: Қырғызстан Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасына қауіп төнсе, көмектесуге міндетті


Камшыбек Ташиев.

Қырғызстан Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасына қауіп төнсе, көмектесуге міндетті. Бұл туралы бейсенбі күні Бішкектегі баспасөз мәслихаты кезінде Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Камшыбек Ташиев мәлімдеді. Кейінгі апталарда "Талибан" содырлары Орталық Азия елдерімен шекарадағы ондаған ауданды басып алған.

"Әрине, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында кез келген жағдайда өзара әрекет етуге тиіспіз. Ауғанстан Орталық Азияның барлық мемлекеті үшін қауіп төндіріп отыр" деді журналистер сұрақтарына жауап берген Ташиев. Оған "Тәжікстан ҰҚШҰ-дан көмек сұраса, Қырғызстан Тәжікстанға көмектесе ме?" деген сұрақ қойылған еді.

Бір күн бұрын Тәжікстан Ауғанстанмен шекарада қауіпсіздікті күшейту үшін ҰҚШҰ елдерінен көмек сұраған болатын.

"Аймақтағы жағдайды ескерсек, сонымен бірге Ауғанстанмен шекарадағы жекелеген аумақтың таулы ауданда шоғырланғанын есепке алсақ, мәселені жеке шеше алмаймыз" деген еді Тәжікстанның ҰҚШҰ-дағы өкілі Хасан Султонов. Оның сөзіне қарағанда, кейінгі екі аптада тәліптермен соғыста кері шегінген ауған үкімет күштерінің 1,5 мыңға жуық жауынгері тәжік шекарасынан кесіп өткен.

АҚШ және НАТО Ауғанстаннан әскерін шығара бастаған тұста тәліптер шабуылды күшейткен. Батыс елдерінің коалициясы қыркүйектің ортасына дейін әскерін толық әкетуді жоспарлап отыр.

Тәжік билігінің айтуынша, қазір Ауғанстанмен шекарадағы ортақ сызықтың үштен екісі радикалды діни топқа қарайды. Оның жалпы ұзындығы – 1350 шақырым.

Душанбе сонымен бірге көрші елден босқындар ағылуы мүмкін екенін айтып, қазір алғашқы келгендерді баспана-жай жән азық-түлікпен қамтамасыз ете бастағанын хабарлады.

Қазір Ауғанстанда солтүстіктегі аудандардың едәуір бөлігі тәліптерге қарайды. Радикалды топ халықаралық қауымдастық мойындаған Кабулдағы үкіметті басып алуы мүмкін деген қауіп те айтылып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG