Accessibility links

Денсаумин: Қазақстанда екпе алған 2,2 мың адам Covid жұқтырған


Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова.

Қазақстанда 2212 адам коронавирус инфекциясын Covid екпесін салдырғаннан кейін жұқтырған. Бұл туралы 8 шілде күні санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

Есмағамбетованың сөзінше, оның 1308-і ауруға екпенің 1-дозасын салдырғаннан кейін шалдықса, 904-і екпені толық алған алған соң шалдыққан.

Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда қазір төрт түрлі екпе салып жатыр. Олар: ресейлік "Спутник V", отандық QazVac, Hayat-Vax және CoronaVac екпелері. Соңғы екеуін қытай компаниялары әзірлеген, ДДСҰ оларды төтенше жағдай үшін мақұлдаған.

Айжан Есмағамбетованың сөзінше, коронавирусқа екпе салдырғаннан кейін шалдыққандардың:

  • 2024-і ресейлік вакцинаны (1-дозадан кейін 1190, 2-дозадан кейін 834),
  • 40-ы QazVac-ты (21/19),
  • 140-ы Hayat-Vax-ты (89/51),
  • алтауы CoronaVac-ты (барлығы 1-дозадан кейін шалдыққан) алған.

Шенеуніктің бұл сандарын қосқанда, 2210 шығады. Бұл шенеуніктің өзі айтқан саннан екі адамға кем.

Есмағамбетованың айтуынша, аталған науқастар вакцина салдырғандардың 0,05 пайызын құрайды.

8 шілдедегі ресми дерекке қарағанда, 19 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда коронавирус вакцинасының 1-дозасын 4 миллион 20 мың 128 адам, 2-дозасын 2 миллион 283 мың 761 адам салдырған.

Маусымның соңында Қазақстанда қазір әлемге тез тарап жатқан "дельта" варианты тіркеліп, ауруға шалдығу көрсеткіші қайта артты. 1 шілдеден бастап елде қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерге вакцина салдыру міндеттелді. Оған қосымша ретінде сауда орталықтарында екпе салдырушылар арасында автокөлік ойнатылатыны айтылды.

Осыдан кейін екпе салдырушылар қатары артқан, бірақ әлеуметтік желілерді вакцина паспортын сатып алу оқиғалары туралы ақпар тарай бастады. 8 шілде күнгі баспасөз брифингінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов бұл бойынша төрт қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Брифинг кезінде журналистер қозғалған іс санының жалған паспорт жасату оқиғаларына сай келмейтінін атап өтті.

8 шілде күні Қазақстанда Covid инфекциясын жұқтырғандар саны жарты миллионнан асты. Оның 445 мыңы ПТР тестімен, 57,4 мыңы диагнозы бойынша расталған. Ресми статистика бойынша, коронавирустан 8 мыңнан астам адам қайтыс болған. Бірақ сонымен коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ өзге аурудан қайтыс болды деген адамдардың бөлек тізімі бар. 2021 жылғы мамырдың соңына дейін бұл тізімде 1962 адам болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG