Accessibility links

"Саяси тұтқын" Ержан Елшібаевтың түрмеде өзін жарақаттағаны хабарланды, мекеме терістеді


Ержан Елшібаев.
Ержан Елшібаев.

Қызылордадағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевтың қарсылық ретінде өзін жарақаттағаны хабарланды. Бұл ақпаратты бірінші болып құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісінде жазды.

Құқық қорғаушының ақпаратына қарағанда, белсенділер бірнеше апта бұрын Елшібаевқа "Жас Алаш", "Дат", "Новая газета" басылымдарын жібере бастаған. Колония басшылығы оған аталған газеттердің "оппозициялық бағыттағы" басылымдар екенін алға тартып, беруден бас тартқан. Құқық қорғаушылар мен белсенділер қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне шағым жазғаннан кейін заңнамаға сәйкес газеттер берілген.

– Бірақ енді олар қайтадан бермей қойған. Ержан оған наразы болған. Олар оның камерасын тінтіп, оған "қайрақты сүңгітіп жіберген" деп айтады. Ал қайрақ бұл ірі ережебұзушылық. Осылайша оны тәртіптік айыппұл изоляторына жіберген. Ол қарсылық ретінде қолын тіккен, - дейді құқық қорғаушы.

Оның сөзіне қарағанда, заң бойынша тұтқындардың газет-басылымдарды алып отыруға құқығы бар.

– Біз барлығына газет жіберіп отырамыз. Тек Ержанмен жағдай осындай болып отыр. Арон Атабек те алады, Әсет Әбішев те алады, Алмат Жұмағұлов та алады. Қызылорда облысында ғана осындай жағдай, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Ержан Елшібаев отырған ЗК-169/5 мекемесіне хабарласқан кезде түрме бастығы Тасболат Қалымбетов жиналыста болып шықты. Ал Қызылорда облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Дана Досанова Азаттық тілшісіне "Ержан өзін жарақаттады" деген ақпаратты терістеді.

– Таңертеңнен бері маған жан-жақтан хабарласып, сұрап жатыр. Мекемеге хабарласып көрдім. Олар өзін жарақаттады деген ақпаратты жоққа шығарды. Қазір сол мекемеге бара жатырмын, – деді Дана Досанова.

Ержан Елшібаев – Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін көтерген белсенді. 2019 жылы қазан айында Жаңаөзен соты оны 5 жылға бас бостандығынан айырған. Сот оны "Денсаулыққа қасақана зақым келтіру" (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлігі) бабы бойынша кінәлі деп тапқан. Кейінірек Ақтау соты Елшібаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Елшібаевтың өзі және құқық қорғаушылар, жақтастары істің саяси астары барын айтты. Елшібаевтың ісін сараптаған құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп атаған.

Биыл маусым айында БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевты түрмеге заңсыз қамады деген қорытынды жасап, оны дереу босатуға шақырған еді. Бірақ биліктен бұған реакция болмады.

Бұған дейін Елшібаев түрмеде өзіне қысым көрсетілгенін бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG