Accessibility links

Тәжікстанмен шекарадағы атыс кезінде бір қырғыз солдаты мерт болды


Қырғыз шекарашысы. Көрнекі сурет.
Қырғыз шекарашысы. Көрнекі сурет.

Бейсенбі күні қырғыз-тәжік шекарасындағы атыс кезінде қырғыз шекарашысы 27 жастағы сержант Хуснидин Хожиев қаза болды. Бұл туралы жұма күні Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі хабарлады. Баспасөз қызметі шекарашы өлімінің жай-жапсары анықталып жатқанын айтты.

Ақпаратқа қарағанда, екі ел шекарашылары туындаған мәселені талқылап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, тәжік жағынан да қаза болғандар мен зардап шеккендер бар.

8 шілдеде қырғыз-тәжік шекарасында екі елдің әскерилері арасында атыс болған. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметінше, "Лейлек ауданы Наумин асуындағы аумақты атпен бақылап жүрген топқа тәжік шекарашылары шабуыл жасаған".

Ал Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, атыс Тәжікстанның Соғды облысы Деваштиш ауданы Росровут елді мекені маңында болған. Тәжікстанның мемлекеттік "Ховар" ақпарат агенттігінің жазуынша, оқиға 8 шілде жергілікті уақытпен сағат 15.00 шамасында (Алматы уақытымен сағат 16.00) болған. Төрт қырғыз шекарашысы "Тәжікстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен". Агенттіктің хабарлауынша, әскери және азаматтық киім киген қырғыз әскерилері Тәжікстанның Деваштиш ауданынан 9 жылқыны қырғыз жағына қарай айдап өтпек болған.

Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне делимитация және демаркация жүргізілген.

Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалдан 50-ден астам адам қаза болған, жүздеген адам зардап шеккен. (Қырғыз жағы 36 қырғыз азаматы, тәжік тарабы 19 адамның опат болғанын хабарлады). Екі жақ бір-бірін жағдайды ушықтырды деп айыптап, қылмыстық істер қозғаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG