Accessibility links

Алматыда 6 шілдедегі акцияда ұсталған адамды психдиспансерге жатқызды


Полиция жасағы бейбіт наразылық акциясына шыққан адамдарды қоршап тұр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.
Полиция жасағы бейбіт наразылық акциясына шыққан адамдарды қоршап тұр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.

Тіркелмеген Демократиялық партия 6 шілдеде Алматыда ұйымдастырған наразылық акциясы кезінде ұсталған үш адамның бірі Уәлихан Сұлтановты психоневрология диспансеріне жатқызған. Бұл туралы Демпартия құруға ынталы топ мүшесі Инга Иманбай Facebook-тегі парақшасына жазды.

Оның хабарлауынша, Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросынан барған адвокат Ерлан Ерболатұлы 9 шілде күні Сұлтановпен жүздесуге талпынған. Сұлтанов медицина мекемесінде "өз еркімен" жатыр ма, оны азаптап жатқан жоқ па деген сауалдарға жауапты адвокат белсендінің өзінен естімек болған. Бірақ оны Сұлтановпен кездестірмей қойды дейді Иманбай.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Ерлан Ерболатұлының сөзінше, медицина мекемесі директорының емдеу жөніндегі орынбасары "оның (Сұлтанов – ред.) сол жерде екенін растаған".

— Мен оның адвокаты екенімді айтып, құжаттарды, куәлігімді көрсеттім де, онымен кездескім келетінін айтып, рұқсат сұрадым. Менен вакцина алғаным туралы паспорт сұрады. Ондай паспортым барын көрсеттім. Бірақ коронавирусты сылтауратып, бәрібір жолықтырмады. Маған олар мені кіргізбеудің амалын іздегендей әсер қалдырды. Бас дәрігер де сондай сылтау айтты. Ол ресми сауал жазыңыз, үш күннің ішінде жауап береміз деді. Мен осы қазір кіріп шығуым керек екенін түсіндірдім, бірақ бәрібір кіргізбеді. Директорға олардың бұл іс-әрекеті заңсыз екенін айттым. Орынбасары бас дәрігердің рұқсатынсыз маған кіруге болмайтынын, ал ол [кешкі] беске дейін жұмыс істейтінін айтты. Сөйтіп бір кабинеттен екіншісіне жүгіріп жүргенімде жұмыс уақыты да аяқталды, — дейді Ерболатұлы.

Адвокат дәрігерлер оған "ішкі істер органының Уәлихан Сұлтановты ауруханаға жатқызу жайлы қаулысы" барын хабарлағанын айтады.

— Маған қаулының көшірмесін беруін талап еттіп. Ауруханаға жатқызу туралы қаулы қолыма әлі тиген жоқ. Мен оларға адвокат сауалын, мені [Сұлтановқа] кіргізуді сұраған өтінішімді және кіргізбей қойғаны туралы актіні жазып қалдырдым. Денсаулық сақтау министрлігіне шағым жазып, мені кіргізбей қоюы қаншалықты заңды екені тексеруін сұраймын. Бұған қоса мені кіргізбей, кәсіби міндетімді атқаруыма кедергі келтіру фактісі бойынша заң органдарына арыз жазамын. Сотқа жүгінуім де мүмкін. Көреміз. [Сұлтановты психиатриалық ауруханаға] жатқызу фактісіне байланысты сауалдар бар. Бұл оның іс-әрекетіне байланысты деп есептеймін, өйткені екі адамды [митингіде ұсталған белсенділер] сот шешімімен 10 күнге қамады ғой. Сірә бұл (диспансерге жатқызу — ред.) оның [6 шілдеде митингіге] шығуына байланысты болса керек, адамды оқшаулау үшін жасалған, — деп топшылайды Ерболатұлы.

Адвокаттың сөзінше, Сұлтанов смартфонын таныстарына қалдырған, сол себепті қазір оған телефон шалуға мүмкіндік жоқ. Алматыда туысы да жоқ, әкесі Рудный қаласында тұрады.

Азаттық сенбі, 10 шілде күні Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасына хабарласты. Мекеме "Уәлихан Сұлтанов психикалық денсаулық орталығына өзінің жазбаша берген келісімі бойынша жатқызылғанын" хабарлады.

"Қазір онымен кездесу мүмкін емес, өйткені оның көңіл-күйіне әсер етіп, жағдайын нашарлатып жіберуі мүмкін" деп жазылған басқарманың баспасөз қызметі жолдаған хабарламада.

Бұған қоса басқарма Сұлтановтың шамамен "он күндей тексеруден өтетінін", оны ауруханадан шығару туралы шешім "тексеру қорытындысына қарап" қабылданатынын айтты.

Қазақстанда бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен "дөп келетін" Астана күні мерекесі тойланатын 6 шілдеде Алматыдағы Абай даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдына тіркелмеген Демократиялық партияны жақтайтын ондаған адам жиналған. Олар үкіметтің жүргізіп отырған саясатына, Қытайдың Қазақстан экономикасына ықпалы күшейгеніне, азық-түліктің қымбаттауына наразылық білдіріп, "Назарбаев, кет!", "Үкімет отставкаға кетсін!" деп айқайлаған. Наразыларды полиция жасағы қоршап, он сағатқа жуық құрсауда (кеттлинг) ұстап тұрды.

"Назарбаев, кет!" Алматыда арнайы жасақ наразыларды құрсауға алды

"Назарбаев, кет!" Алматыда арнайы жасақ наразыларды құрсауға алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Бейбіт наразылық акциясына қатысушылар полицияның оларға күш қолданып, үш белсендіні күштеп алып кеткенін хабарлады.

7 шілде күні тіркелмеген Демпартия жақтастары Алматы қаласы полиция департаментінің алдына келіп, ұсталған үш белсендінің қайда екенін айтуын талап етті.

6 шілдеде полициядан таяқ жеген белсенділер сотқа арызданбақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG