Accessibility links

Рекорд: Қазақстанда бір күнде 3,7 мыңға жуық адамнан Covid анықталды


Коронавирус екпесін салдырып жатқан әйел. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.
Коронавирус екпесін салдырып жатқан әйел. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.

10 маусым күні Қазақстанда 3695 адамның анализінен коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл – кейінгі күндердегі кезекті рекорд. Осыған дейін бір күнде мұншалық көп науқас тіркелмеген.

Бір Нұр-Сұлтанның өзінде коронавирус 914 адамнан анықталды. Бұл да – астана үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Қала кейінгі айда тұрақты түрде аймақтар көшіп бастап келеді. Ресми дерек бойынша 1,2 миллион тұрғыны бар астанада бар-жоғы 171 мың адам коронавирус вакцинасын толық алған. Бұдан бөлек 111 мың адам екінші дозаны күтіп отыр.

Алматыда 620 науқас тіркелген. Бұл – 8 мамырдан кейінгі ең жоғарғы көрсеткіш. Сол күні қалада 637 науқас анықталған. Екі миллионға жуық адам тұратын Алматыда вакцинаны 348 мың адам толық алған, 234 мың адам екінші дозаны күтіп отыр.

Шымкентте де рекордтық көрсеткіш тіркелді. Онда коронавирус бір күнде 312 адамнан анықталған. Індет басталғалы аймақтар бойынша ең төменгі орындардан табылып келген оңтүстік өңірде де кейінгі уақытта індеттің тарауы күшейіп барады.

Рекордын жаңартқан тағы бір аймақ – Атырау облысы. Онда 256 адамның ПТР тесті оң шыққан. Осыған дейін облыста бір күнде тіркелетін науқас саны екі жүзге жете қоймаған.

Осылайша елде анализінен коронавирус анықталғандардың жалпы саны 454 825 адамға жетіп отыр. Оның 412 мыңы жазылған, 4647-сі қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2367 адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, ол адамдарда коронавирус өлімнің негізгі себебі болмаған. Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажеті айтылады.

Бұл коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастардың дерегі. Бұдан бөлек үкімет былтыр тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. Осы күнге дейін пневмонияның бұл түрімен 57 860 адам тіркелсе, оның 3489-ы қайтыс болған. Билік бұл деректі коронавирустың негізгі статистикасына қоспай отыр.

Қазір Қазақстан бойынша 39 619 адам коронавирустан емделіп жатыр. Оның 12 мыңы стационарға жатқызылған. 102 адам өкпені желдету аппаратына қосылған, жағдайы ауыр.

Кейінгі апталарда елде індеттің күрт күш алғаны байқалады. Билік органдары мұны "дельта вариантымен" байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа варианттың алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.

Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда осы күнге дейін 2,4 миллион адам екпені толық алған. 190 мың адам екінші дозаны күтіп отыр.

Бірақ жергілікті басылымдарда вакциналаудың жалған паспортын сатып алу оқиғалары туралы жиі айтылады. 8 шілде күнгі баспасөз брифингінде денсаулық сақтау министрлігі бұл оқиға бойынша бар-жоғы 4 іс қозғалғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG