Accessibility links

Батысшыл Санду мен ресейшіл Додон тартысы. Молдовада парламент сайлауы өтіп жатыр


Сайлау учаскесіне дауыс беруге келген әйел. Молдова, 11 шілде 2021 жыл.
Сайлау учаскесіне дауыс беруге келген әйел. Молдова, 11 шілде 2021 жыл.

Молдовада кезектен тыс парламентс сайлауы өтіп жатыр. Болжам бойынша, сайлау нәтижесі Ресей ықпалын әлсіретіп, құрлықтағы ең кедей елдердің бірін Еуроодаққа итермелеуі мүмкін.

11 шілде күнгі сайлауда 3,2 миллион адам дауыс бере алады. Олардың маңызды бір бөлігі шетелде тұрады. Сайлау бюллетенінде жиырмадан астам партия мен альянс бар.

Дауыс беру кезінде парламентке төрт жылдық мерзімге 101 депутат сайланбақ. Сайлау пропорциялық жүйе бойынша өтіп жатыр. 2019 жылы 24 ақпанда аралас жүйемен өткен сайлау елдегі олигарх Владимир Плахотнюк сол жылы жазда шетелге қашқан соң жарамсыз танылған.

Бас тартыс екі партияның арасында жүрмек. Олар: ел президенті Майя Санду негізін қалаған еуропашыл "Әрекет және ынтымақ" партиясы (PAS) пен коммунистер мен социалистердің ресейшіл альянсы (BeCS). Соңғысына экс-президент Игорь Додон жетекшілік етеді.

Кейінгі әлеуметтік сауалнамалар әрқайсысына 37 пайыз дауыстан беріп жатыр. Бірақ сауалнамалардың көбі басымдықты Сандудың партиясына берді.

PAS жеңіске жетсе, ел президенті Санду парламент қолдауына ие болып, еуропалық интеграцияның күшеюіне ықпал етуі мүмкін.

"Парламент пен үкіметтің кезекті мүшесі кім болатынын сіздер шешесіздер" деп жазды 49 жастағы Санду әлеуметтік желілерде сайлауалды науқанды сабақтай отырып. "Елді жемқорлық пен кедейліктен қаншалық тез құтқара алуымыз сіздерге байланысты".

Бұрынғы президент Игорь Додон бастаған альянс жеңіске жетсе, Сандудың реформалары бұғатталуы мүмкін.

"Тек біздің командамыз ғана елдегі аласапыранды тоқтат алады және адамдарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіп, экономиканы қалпына келтіріп, мемлекеттілікті нығайта алады" деді Додон осы аптада.

Кезектен тыс өтіп жатқан сайлау – елдегі ұзақ саяси тартыстың нәтижесі. Бұл тартыс былтыр қарашада президенттік сайлаудың екінші турында Санду жеңіске жеткен соң басталған. Ол сайлау Молдованың болашағы жөніндегі референдум саналған. Бірақ заң шығарушы органды бақылап отырған социалистер Сандуға қарсылық көрсетіп келді. Тіпті барлау қызметін басқару құзыретін президенттен парламентке өткізіп алды. Бұл қадам былтыр желтоқсан жаппай наразылыққа әкеліп, адамдар кезектен тыс сайлауды талап етті. Сол айдың аяғында ресейшіл премьер-министр мен оның кабинеті отставкаға кетті.

Жаңа парламент алғашқы отырысын 27 тамызда өткізбек. Бұл күні Молдованың Совет одағынан тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG