Accessibility links

Молдовадағы парламент сайлауында президент Майя Сандудың жақтастары алда келеді


Майя Санду
Майя Санду

Молдовада жексенбі күні өткен парламент сайлауының нәтижесінде заң шығару органына үш партия өтті. Сайлауға жалпы 20 саяси партия қатысқан.

Президент Майя Сандудың "Әрекет және ынтымақ" партиясы (PAS) алда келеді. Оның жақтастары сайлаушылардың 47 пайыз дауысын алған.

Олардың негізгі қарсыласы Молдованың бұрынғы басшылары Владимир Воронин мен Игорь Додон жетекшілік ететін социалистердің ресейшіл альянсына (BeCS) сайлаушылардың 31 пайызы дауыс берген.

Ал кәсіпкер Илан Шор басқаратын ұлттық-консервативтік "Шор" партиясы 6,65 пайыз дауыс алған.

Молдованың орталық сайлау комиссиясы хаттамалардың 90 пайызын санап шыққаннан кейін 11 шілдеде түнде осылай деп мәлімдеді. ОСК-ның мәліметінше, кезектен тыс парламент сайлауында өрескел заңбұзушылықтар байқалмаған. Сайлауға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 48,1 пайызы қатысқан.

Кезектен тыс парламент сайлауы – елдегі ұзақ саяси тартыстың нәтижесі. Былтыр қарашада президент сайлауының екінші турында Санду жеңіске жеткен соң ресейшіл саяси күштер мен Еуроодақпен тығыз қарым-қатынасты қолдайтын Майя Санду жақтастары арасында тартыс күшейген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG