Accessibility links

Кубада үкіметке қарсы наразылық акциялары өтті


Гавана қаласындағы наразылық.
Гавана қаласындағы наразылық.

Кубада 11 шілдеде диктатура мен коммунистік үкіметке қарсы наразылық акциялары басталды. Reuters агенттігің хабарлауынша, Гавана және басқа да қалалардағы көшелерге мыңдаған кубалық жиналды.

Олар үкіметке қарсы ұрандатып, президенттің биліктен кетуін талап етті.

Шеруге шыққандар халықты коронавирусқа қарсы вакцинамен қамтамасыз етуді, жарықтың күнде сөнуін доғаруды, азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін шешуді де талап етті. "Диктатура жойылсын", "біз қорықпаймыз" деген ұрандар тасталды, деп хабарлады AFP. Гавана көшелерінде күш құрылымдарының пулемет орнатылған автокөліктері байқалды, деп таратты Reuters.

Адамдар "дағдарысқа қарсы көтерілді, өйткені азық-түлік, дәрі-дәрмек жоқ, халықта жоқ заттарды мүдірмей ұзақ санап шығуға болады" деп мәлімдеді Сантьяго-де-Кубадағы акцияға қатысушылардың бірі.

Елде бір тәулікте жеті мыңға жуық адамның COVID-19 жұқтырғаны анықталған. Халық биліктен вакцина салуды тездетуін талап етіп отыр.

Бұның алдында Куба Ресей мен Қытай вакциналарынан бас тартқан. Бұл ел табысы аз елдерге препарат алуға көмектесетін COVAX бағдарламасына кірмейді. Өткен аптада Кубада өзі шығарған Abdala 2 вакцинасы тіркелді.

Кубада соңғы мәрте үкіметке қарсы шеру шамамен 30 жылы бұрын болған.

Президент Мигель Диас-Канель аралдағы жағдайды ушықтырды деп АҚШ-ты айыптады. Ол коммунистерге көшеге шығып, шерушілерге тойтарыс беруге үндеді. Оның пікірінше, революцияны қорғайтын уақыт келді.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан шерушілерді қолдап, Вашингтон бейбіт наразылық акцияларына қатысқандарға күш көрсетушілерді айыптайды деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG