Accessibility links

Қазақстанда 3712 адамнан Covid пен "пневмония" анықталды, 41 адам қайтыс болды


Жедел жәрдем көлігі.
Жедел жәрдем көлігі.

12 шілдеде Қазақстанда 3693 адамның коронавирус тесті оң шықты. Бұл бір күнгі көрсеткіштен аз болғанмен мұның алдында қатарынан бірнеше күн рекордтық көрсеткіш тіркелген.

Елде індет өршіп тұр. Кейбір қалаларда науқастар сыймағандықтан қонақүй, түрлі кешендер коронавирус жұқтырғандарды қабылдайтын стационарға айналып жатыр. Билік органдары індеттің өршуін коронавирустың "дельта вариантымен" байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа вариант алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 978 адамнан коронавирус табылған. Бұл республика бойынша бір күнде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Бұған қоса, індет басталғалы бері астанада бір күнде осынша көп науқас анықталмаған. Алматыда – 535, Қарағанды облысында – 596, Атырау облысында – 334, Шымкентте – 169, Батыс Қазақстан облысында – 142, Ақмола облысында – 140, Маңғыстау облысында – 141, Павлодар облысында 134 науқас тіркелді. Қалған облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді.

Сейсенбі күні Солтүстік Қазақстан облысы коронавирус тарауы бойынша "қызыл аймаққа" енді. Қазір барлығын есептегенде "қызыл аймақта" үш ірі қала мен 9 облыс тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары. Алгоритмге сәйкес, "қызыл аймақтарда" карантин күшейеді. "Сары аймақта" Алматы облысы, Жамбыл мен Қызылорда облыстары қалған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары "жасыл аймақта".

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2020 жылдың наурыз айынан бері 462 417 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4716-сы қайтыс болған. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2300-ден астам адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар "өзге аурудан қайтыс болған". Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.

Үкімет былтыр тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 11 шілдеге дейін 57 919 адам пневмонияның осы түріне шалдыққан (11 шілдеде 19 адамның пневмонияға шалдыққаны анықталды), 3498-і қайтыс болған. Билік бұл деректі коронавирустың негізгі статистикасына қоспай отыр.

11 шілдеде 41 адам коронавирустан қайтыс болған: 35 адам – коронавирустан, 6 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.

Қазір Қазақстан бойынша 43 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 14 мыңы стационарда жатыр. 106 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 486 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 490 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде індет басталғалы бері 187 млн 221 мың адам коронавирусқа шалдыққан. 4 млн 38 мыңы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG