Accessibility links

Иракта коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханада өрт болып, 50-ден астам адам қаза болды


Оттегі баллондары тұрған маңды сыпырып жатқан әйел. Бағдат, 25 сәуір 2021 жыл.
Оттегі баллондары тұрған маңды сыпырып жатқан әйел. Бағдат, 25 сәуір 2021 жыл.

Ирактың Насирия қаласында аурухананың коронавирус жұқтырғандарды емдейтін бөлімі өртеніп, кемінде 52 адам қаза болды. Мамандардың болжамына қарағанда, өрттің шығуына оттегі баллонының жарылуы себеп болуы мүмкін.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Хайдар аз-Замили 13 шілдеде таңертең 52 адамның мәйіті табылғанын хабарлады. 22 адам жарақаттанған.

"Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Үйінді астында қалғандар немесе ғимарат ішіне қамалып қалғандар болуы мүмкін" деді ол.

12 шілдеде денсаулық сақтау саласы мамандары өрт сөндірілгенін хабарлады.

Ирак премьер-министрі Мустафа әл-Казыми кеңсесі таратқан хабарламада үкімет басшысының министрлермен төтенше кездесу өткізіп, денсаулық сақтау және қорғаныс саласындағы бірқатар шенеуніктерді, оның ішінде аурухана бөлімінің жетекшісін қамауға алуды тапсырғаны жазылған. Ақпарат агенттіктерінің жазуынша, аурухана палатасында оттегі баллонының жарылуы өртке себеп болуы мүмкін.

Сәуір айында Бағдат қаласында коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханада оттегі баллоны жарылып, кемінде 82 адам қаза болған, 110 адам жарақат алған.

Ресми мәлімет бойынша, індет басталғалы бері Иракта 1,4 миллионнан астам адам коронавирус ауруына шалдыққан, 17 500-ден астамы қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG