Accessibility links

Ұлыбритания Ресейде тұратын Назарро негізін қалаған неонацистік топқа тыйым салды


Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Патель.
Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Патель.

Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Патель АҚШ-та құрылған The Base ("Негіз") атты неонацистік топтың қызметіне ел аумағында тыйым салды. BBC ақпарат агенттігінің жазуынша, аталған топ жетекшісі бұған дейін Ресейге көшіп кеткен, сол жақтан ұйым жақтастарына бағыт-бағдар беріп отырады.

Министр ұйым мүшелерін нәсілшілдіктің кектенген жақтастары деп атады.

BBC ақпарат агенттігі жүргізген зерттеуге сәйкес, топтың негізін қалаған Риналдо Назарро Ресей азаматына үйленіп, АҚШ-тан Санкт-Петербургке көшіп келген. Сол жақтан жақтастарына жетекшілік етіп отырады.

2018 жылы негізі қаланған The Base тобы ұйымның мақсаты ретінде "АҚШ пен өзге елдерде бөлімшелер ашу, нәсілшілдік негізінде соғыс өртін тұтандыру және фашистік моноэтникалық мемлекет құру" деп көрсеткен.

Бұл Ұлыбританияның терроризммен күрес заңындағы ережелерге ілінген бесінші ұйым. Бұл топқа мүше болу және оны қолдау терактіге қатысқанмен пара-пар және айыпталушыларға 14 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Ұлыбритания ішкі істер министрлігінің бағалауынша, аталған топ "Атомваффен дивизиясы" деп аталатын ұйымның (кейде бұл топты "Ұлттық-социалистік тәртіп" деп атайды) мақсаты мен идеологиясын қолдайды. Оған Ұлыбританияда 2021 жылдың басында тыйым салынған.

BBC-дің жазуынша, былтыр қараша айында Ресей мемлекеттік арнасы Назарромен сұхбатты көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG