Accessibility links

Ақтөбеде бала зорланды деген мектептің басшылары үстінен қылмыстық іс қозғалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбеде "7 жасар бала зорланды" делінген мектеп әкімшілігінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мектеп басшылары "балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүктелген міндеттерді тиісінше орындамады" деген күдікке ілініп отыр.

Жақында Ақтөбедегі мектептердің бірінде "жоғары сынып оқушыларының әжетханада 7 жасар баланы зорлағаны" туралы ақпарат тараған. Оқиға наурызда болған. Өткен аптада мектеп директоры мен тәрбие жөніндегі орынбасары қызметтен шеттетілген еді.

- Бұл іс бойынша бірнеше сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы әлі дайын емес. Мектеп әкімшілігінің үстінен Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны рас. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат берілмейді, - деді 13 шілдеде Азаттыққа Ақтөбе полициясының баспасөз қызметі.

Ал күдікке ілінген мектептің директоры "бұл мүмкін емес жағдай" деп санайды. Аты-жөнін атамауды өтінген мектеп басшысының сөзіне қарағанда, әжетхана кезекші мұғалім отыратын үстелден 1,5 метр жерде. Сол себепті мектеп қызметкерлерінің қылмысты байқамауы мүмкін емес деп санайды.

"Кезекшілікте оқушы емес, үнемі мұғалімдер отырады. Ересек адамның ондай жайттарды байқамауы мүмкін емес. Тергеу істің ақ-қарасын анықтайды деп сенемін" дейді директор.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, биыл 29 наурызда 7 жастағы ер баланың әжесі мектеп әкімшілігіне "ересек балалар немеремнің құлағын бұрады" деп шағым айтқан. Араға екі тәулік салып, ол полицияға немересінің мектеп әжетханасында зорланғанын хабарлаған.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі бала құқығын қорғау комитеті өкілдері Ақтөбеге барып, оқушының ата-анасымен кездескен. Комитет жетекшісі Есенғазы Иманғалиев "облыстық білім басқармасы министрлікке ата-ананың өтінішін уақытын хабарламады, мектеп әкімшілігі қажетті жұмыс жүргізбеді" деп мәлімдеген.

Ақпаратқа қарағанда, оқушымен бірнеше күннен бері білім саласына қатысы жоқ тәуелсіз психолог жұмыс істеп жатыр.

Ақтөбе полициясы оқиғаға байланысты "Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен (ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі) қылмыстық іс қозғаған. Күдікке 9-сыныпта оқитын төрт оқушы ілінген.

Ресми мәлімет бойынша, биыл төрт айда "Кәмелет жасына толмағандарға жыныстық сипаттағы әрекет жасау" бабы бойынша 112 іс (былтыр – 227), "Балаларды азғындық жолға түсіру" бабы бойынша 69 іс (былтыр 12 айда 115 іс), "Жыныстық зорлық-зомбылық жасау" бабы бойынша 161 іс (2020 жылы – 332) тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG