Тіркелмеген "Демпартияның" наразылық акциясы кезінде ұсталып, психдиспансерге жатқызылған Уәлихан Сұлтанов 14 шілдеде мекемеден босап шықты. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол "осы уақыт бойы өзіне туыстары немесе таныстарына хабарласуға мүмкіндік бермегенін", "мекемеге өз еркіммен келдім деген қағазға қол қоюға мәжбүр" болғанын айтты.
Бұған дейін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы "Уәлихан Сұлтанов психикалық денсаулық орталығына өзінің жазбаша берген келісімі бойынша жатқызылды" деп мәлімдеген еді.
- Сіз енді елестетіп көріңізші, сізді дөрекі тілмен айтсақ, жындыханаға қамайды, хабарласуға мүмкіндік бермейді. Саған мына хатқа қол қоясың немесе сот шешімі арқылы жарты жыл күштеп емдетеміз" дейді. Мұндай жағдайда барлығына келісесіз. Менде басқа амал да жоқ болды", – дейді Уәлихан Сұлтанов Азаттық тілшісіне.
Оның сөзіне қарағанда, медицина мекемесінде оған таблетка берген, бірақ укол салмаған. "Қандай таблетке бергенін білмеймін" деді ол.
Оның адвокаты Ерлан Ерболатұлы 14 шілдеде "Психикалық саулық орталығының заңнаманы бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуға күш саламыз. Бұл мекеменің деңгейі мен жазаланбауға сенімділігін берген жауабынан да аңғаруға болады" деп мәлімдеді.
Азаттық тілшісі аталған мекемеден жауап ала алмады.
Уәлихан Сұлтанов – 6 шілдеде Алматыда полиция "Демпартия"жақтастарын кеттлинге алған кезде ұсталған бірнеше белсендінің бірі. Сол кезде таныстары оның жарақаттанғанын айтқан еді.
Сұлтановтың сөзіне қарағанда, ұстау кезінде полицейлер оны ұрған. Басын да соғып алған.
- Бірақ қатты ұрған жоқ. Мен митингіге қатысқанымды жоққа шығарған жоқпын. Полицейлерге қарсылық көрсетпедім. Мені сүйреп бара жатқан кезде жерге түсіріп алды. Әдейі ме, жоқ па, білмеймін. Қазір біраз уақыт өткендіктен денедегі іздер кетіп қалды, - деді ол.
Қазақстанда бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен "дөп келетін" Астана күні мерекесі тойланатын 6 шілдеде Алматыдағы Абай даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдына тіркелмеген Демократиялық партияны жақтайтын ондаған адам жиналған. Олар үкіметтің жүргізіп отырған саясатына, Қытайдың Қазақстан экономикасына ықпалы күшейгеніне, азық-түліктің қымбаттауына наразылық білдіріп, "Назарбаев, кет!", "Үкімет отставкаға кетсін!" деп айқайлаған. Наразыларды полиция жасағы қоршап, он сағатқа жуық құрсауда (кеттлинг) ұстап тұрды.
Бейбіт наразылық акциясына қатысушылар полицияның оларға күш қолданып, үш белсендіні күштеп алып кеткенін хабарлады. Олардың екеуі қазір уақытша қамау изоляторында жатыр. Ақпаратқа қарағанда, 16 шілдеде бостандыққа шығады.
Бұған дейін акция кезінде полициядан таяқ жеген белсенділер шағымданатынын мәлімдеген.
Видео: 6 шілдеде полициядан таяқ жеген белсенділер сотқа арызданбақ (7 шілде 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР