Accessibility links

Маңғыстауға көмектескісі келген еріктілер: "Жиналған шөпті жібере алмай отырмыз"


Маңғыстауға шөп жинау акциясын ұйымдастырушылардың бірі Мұратбек Солтанбай. Скриншот.

15 шілдеде Түркістан облысында еріктілер куаңшылықтан малы қырылып жатқан Маңғыстау облысына жіберу үшін жинаған 10 вагон шөпті жібере алмай жатқанын айтып, ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басшылығынан көмек сұрады.

Ерікті Мұратбек Сұлтанбайдың сөзіне қарағанда, қазір Сарыағаш станциясында 10 вагон шөп жиналып тұр. Бұған дейін "Қазақстан темір жолы" компаниясы еріктілерге жиналған шөпті Маңғыстау облысына тегін жеткізуге ниет білдірген.

- Бүгінге дейін 10 вагон шөп жібердік. Алғашқы 5 вагонның ақысын төледік, 5 вагонды тегін жіберді. Екі күн бұрын тағы 5 вагон толтырдық. Ақысын төлемесеңдер шығармаймыз деді. Қазір 5 вагоннан бөлек 5 мың түк (пресс) шөп жерде жатыр, - дейді Сұлтанбай.

Еріктілер жіберген видеода жиналып, түктелген шөптің темір жол жиегінде, вагон маңында жерде жатқаны байқалады. Олар ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Қазақстан темір жолы" акционерлік қоғамының басшылығынан қуаңшылық болып, мал қырылып жатқан Маңғыстау облысына жиналған шөпті тез арада жеткізуге көмек беруін сұрайды.

Ерікті Нұрлыбай Татаев еріктілердің әлі де шөп орып, дестелеп жатқанын айтады. Одан бөлек ауыл-ауылдан тұрғындар хабарласып, шөп беретінін, қайда алып бару керектігін сұраған. Әр дестесін арзан бағамен сатып жатқандар да бар.

"Жиналған шөптің өзін дер кезінде жібере алмай отырғанымыз еңсемізді түсіріп жіберді" дейді ол.

Азаттық тілшісі әзірге "Қазақстан темір жолы" акционерлік қоғамынан жауап ала алмады.

Бұған дейін Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Талапқазы әлеуметтік желі арқылы үндеу тастап, жұртты шөп орып, оны қуаңшылықтан малы қырылып жатқан аймақтарға жіберуге үндеген. Талапқазының үндеуінен соң ел жаппай шөп орып, оны жіберуге не сатып алуға қаражат жинауға кіріскен.

Маусым айында Маңғыстау және Қызылорда облысында құрғақшылық болып, малдың қырылып жатқаны хабарланды. 13 шілдеде Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Маңғыстауда мыңнан астам, Қызылорда облысында 500-ге жуық мал басы шығын болған.

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты сөгіп, қызметінен босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG