Accessibility links

Қарин: Ауыл әкімі сайлауына үміткер ретінде тіркелгендердің басым бөлігі – өз-өзін ұсынғандар


Дауыс беру аяқталған соң дауыс санауға көшкен сайлау комиссиясы мүшелері. Көрнекі сурет.

14 шілдеде Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлауға үміткерлерді тіркеу аяқталды. Бұл туралы президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Телеграмдағы арнасында хабарлады.

"Республика бойынша сайлауға қатысу үшін 2582 адам өз кандидатурасын ұсынды. 2297-і немесе 88,9% қажетті тіркеуден өтті. Саяси партиялар атынан 878 үміткер (38,2%) бар. Ауыл әкімі сайлауына алты партияның барлығы кандидаттарын ұсынды" деп жазды жұма күні Қарин.

Ол сонымен бірге "кандидаттардың басым бөлігі – 1419 адам немесе 61,8%-ы өз-өзін ұсынғандар" екенін атап өтті.

Биыл мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау заңнамасына бірқатар түзетулер енгізуді қарастыратын, оның ішінде ауыл әкімін тіке сайлауды көздейтін заңға қол қойған.

Заңға сәйкес, ауыл әкімі болып "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сай біліктілігі бар 25 жасқа толған кез келген азамат сайлана алады. Саяси партиядан бөлек, сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайыз қолын жинаған тәуелсіз кандидаттар да сайлауға түсе алады.

2021 жылы ауыл әкімін сайлауға республикалық бюджеттен 4,8 млрд теңге бөлінеді.

25 шілдеде өтетін ауыл әкімі сайлауынан кейін Қазақстан бойынша 730 әкім сайланады. Жыл соңына дейін тағы 45 әкім сайланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG