Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Әблязов митинг орны деп белгілеген жерде күзет күшейді


Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов шақырған митингіге келген адамдар. Нұр-Сұлтан, 17 шілде 2021 жыл.
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов шақырған митингіге келген адамдар. Нұр-Сұлтан, 17 шілде 2021 жыл.

17 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің алды қоршалып, полиция бақылауы күшейді. Аумаққа полиция көліктері, автозактар қойылған. Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жұртты 17 шілде әкімдік алдына екпені міндеттеуге қарсы митингіге шақырған. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Әкімдік алдын азаматтық киім киген адамдар да бақылап жүрді. Митинг жоспарлаған жерге бес-алты адам келді. Солардың бірі 57 жастағы Балқия Қазыбаева зейнет жасын төмендетуді талап етті. Ол "әйелдерді зейнетке 55 жастан бастап шығарсын" деді.

Ал Солтүстік Қазақстан облысынан митингіге арнайы келдім деген Бақыт Қазбекова да зейнет жасын төмендетуді талап етті.

- Екпе салуды да міндеттемесін. Қазір үкімет басындағылар бәрі жазғы демалыста шығар, біз бәрібір қыркүйекте келіп, талабымызды айтамыз, - деді ол.

Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов шақырған митингіге шақырған аумақ. Нұр-Сұлтан, 17 шілде 2021 жыл.
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов шақырған митингіге шақырған аумақ. Нұр-Сұлтан, 17 шілде 2021 жыл.

Митинг орнына келген тағы бір адам "біз ойымызды, талабымызды айтуға келдік. Ойымызды айттық, енді тараймыз. Біздің артымыздан аңдымасын" деді.

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің маманы Сұлтан Аязмұқанұлы митингіге келгендерді тарауға шақырды. Ол митингіге келгендерден "екпе алдыңыздар ма?" деп сұрағанда бірі "жоқ" деп жауап берді.

"Коронавирустың тарауына байланысты көп адам жиналуға болмайды. Екпе алмағансыздар, маска тақпағансыздар. Сондықтан маска тағуларыңызды және тарауларыңызды сұраймын" деді.

Полиция Азаттық тілшісіне әкімдік алдындағы көліктердің көптігін "кезекті техникалық тексеру" деп түсіндірді.

Бірнеше сағаттан соң жиналған бес-алты адам талаптарын айтып болған соң тарады.

  • Францияда тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Қазақстандағы жұртты митингіге шақыра қалса қалаларда күзет күшейіп, полиция қарасы көбейеді.
  • Нұр-Сұлтан соты Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды. Қазақстан бұл қозғалыстың жақтастарын жиі қудалап, жауапқа тартады.
  • Қазақстанда 2021 жылдан бастап әйелдер зейнетке 60 жастан бастап шығады. Үкімет әйелдердің зейнет жасын жарты жыл сайын алты ай қосып отырмақ. Биліктің жоспары бойынша, 2027 жылы әйелдер мен ерлердің зейнет жасы теңестіріліп, 63 жасқа жетуі тиіс.
  • Бұл елде жұрт қандай да бір митингіге шығатын болса жергілікті билікке алдын-ала ескертуі тиіс. Ескертілмеген митингіге қатысқандар көбіне ұсталып, жазаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG