Accessibility links

Қырғызстанға AstraZeneca екпесі келді


AstraZeneca екпесі.
AstraZeneca екпесі.

Қырғызстанға Әзербайжаннан гуманитарлық көмек ретінде AstraZeneca екпесінің 40 мың дозасы келді. Бұл туралы 17 шілде күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі хабарлады. Осыған дейін елде қытайлық Sinopharm екпесі мен ресейлік "Спутник V" салынған.

Министрліктің сөзінше, гуманитарлық көмек жөніндегі келісім Қырғызстанның сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевтың шілде басында Әзербайжанға сапары кезінде жасалған.

Әзербайжан қырғыз еліне осыған дейін көмек берген. Былтыр сәуірде Баку Бішкекке 64 тонна медициналық материал жіберген.

Елдің коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штабы 40 мың дозаның 20 мың адамға арналғанын айтты. Екпені 18 жастан асқандарға салмақ. Доза арасындағы интервал – 4-12 апта.

Содан бір күн бұрын Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасраы Нұран Ниязалиев Ташкентте Еуроодақтың Орталық Азия елдеріндегі өкілі Тери Хакаламен кездесіп, Қырғызстанға COVAX аясында вакцина жеткізуді жеделдетуді сұрады. Осыған дейін аталған бағдарлама аясында Қырғызстанға AstraZeneca екпесі берілетіні хабарланған. COVAX – коронавирус екпесінің барлық елге бірдей қолжетімді болуын көздейтін бағдарлама. Оның аясында ғаламдық қор құрылып, мұқтаж елдерге вакцина жеткізіледі.

AstraZeneca – Швеция және Ұлыбритания компанияларының Оксфорд университетімен бірге әзірлеген вакцинасы.

Осы күнге дейін Қырғызстан Sinopharm екпесінің 1,4 миллион дозасын, "Спутник V" екпесінің 100 мың дозасын алдыртқан.

Кейінгі күндері Қырғызстанда орташа есеппен тәулік сайын 1,2 мың науқас тіркеліп жатыр. Елде індет басталғалы коронавирус барлығы 145 мың адамнан анықталған. Оның 2 мыңнан астамы қайтыс болған.

Рейтер агенттігінің мәліметінше, 6,5 миллион халқы Қырғызстанда елдің бар-жоғы 1,5 пайызы ғана екпе салдырған (кемі бір компонентін). Толық вакциналанғандар 1,1 пайыз құрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG