17 шілдеде Ақтөбе әкімшілік соты белсенді Айнагүл Төбетова мен Ахмет Сәрсенғалиевке бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деп 50 АЕК (145 850 теңге) айыппұл салды. Сот онлайн өткен, полиция белсенділерді сол күні көшеден ұстап әкеткен.
– 17 шілдеге жоспарланған митинг туралы хабарламаны бөліскенім үшін әкімшілік кодекстің 488-бабы, 7-тармағы (Бейбіт жиынды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу) бойынша айыпталдым. Бұл – бір айдың ішінде маған салынған екінші айыппұл, – дейді Айнагүл Төбетова.
Белсенді 6 шілде күні де дәл осы айыппен дәл осы сомаға айыппұл алғанын айтады. Айтуынша, оны әлі төлемеген.
– Төлемеймін де. Адам құқығымен санаспайтын мемлекеттің қалтасын толтырғым келмейді, – дейді ол.
Төбетованың сөзінше, оны 17 шілде күні үйінен шыға бергенде ұстаған. Азаттыққа хабарласқан тағы бір белсенді Ахмет Сәрсенғалиевті полиция облыс орталығынан 50 шақырым жердегі Қалдаяқов ауылының тұсында таксиде кетіп бара жатқан жерінен ұстап әкеткен.
– Полиция ұстаған кезде жанымда белсенді Ақтамақ Көптілеуова болды. Біз Қосестек ауылынан шығып, Ақтөбеге митингіге бара жатқан едік. Екеумізді екі көлікке салып әкетті. Онлайн сот кешкі сағат 8-де болды. Әлеуметтік желілердегі жазбаларым үшін "Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзды" деп айыптап, маған 50 айлық есептік көрсеткішке тең (бір АЕК 2917 теңгеге тең) айыппұл салды. Сот "соңғы сөзіңізді айтыңыз" деді. Іріп-шіри бастаған жүйеден соңғы сөз сұрап нем бар? Одан ештеңе өзгермес те еді. Сондықтан соңғы сөз сұрамадым, полиция толтырған құжаттардың бірде-біріне қол қоймадым, – дейді белсенді Ахмет Сәрсенғалиев.
Белсенді Ақтамақ Көптілеуованы Қарғалы ауданының орталығы Батамша ауылындағы полиция бөлімінде төрт сағат ұстап, артынан босатқан.
Азаттық белсенділердің ұсталуына байланысты Ақтөбе полициясы мен сотына хабарласқан еді, "дүйсенбіде хабарласыңыз" деген жауап алды.
17 шілдедегі митингіге Францияда қуғында жүрген оппозиционер, экс-банкир Мұхтар Әблязов шақырған. Ол қазақстандықтарды қала әкімдіктерінің алдына барып, міндетті вакциналауға қарсылық білдіруге үндеген. Алматыда полиция әдеттегідей митинг өтеді деген жерді қоршауға алып, бейбіт жиынның өтуіне жол бермеді. Журналистер кемі екі адамның ұсталғанына куә болған.
Әблязов билікке талап қоятын митингіге жиі шақырады, бірақ билік түрлі әдіс қолданып, олардың өтуіне жол бермейді. Белсенділерді алдын-ала немесе митинг орнына келгенде ұстап әкетеді, оларға әкімшілік айыппұлдан бастап, қылмыстық қудалауға дейін жаза қолданады. Қылмыстық қудалау көбіне қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Сотпен тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысу") бойынша іске асады. Құқық қорғаушылар осы баппен жүздеген белсендіге айыптау үкімі шыққанын айтады.
Билік белсенділерді көбіне "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының жұмысына қатысты деп айыптайды. Ел соты оларды "экстремистік" деп таныған, бірақ Еуропарламент өз қарарында оларды "бейбіт ұйым" деп атаған.
ПІКІРЛЕР