19 шілдеде Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының соты "билік өкілін қорлады" және "билік өкіліне күш қолданды" деп айыпталған белсенді Роман Рейхерттің бас бостандығын екі жылға шектеп, пробация бақылауын тағайындады.
Тергеу тарабы "Рейхерт биыл 22 наурыз күні өзі тұратын Мәртөк ауылында полиция капитанын тілдеген, ағаш сабы бар кетпенмен салып қалған" деп санайды. Тергеудің дерегінше, сол күні Рейхерт полицияның тағы бір капитанының жеке көлігін кетпенмен соғып, оған материалдық шығын келтірген.
Сот үкімін оқыған судья Саламат Ноғаев бірінші полицейдің арызы бойынша Роман Рейхерттің айыбы тергеу материалдарымен расталғанын айтты. Бірақ "жеке көлігімді бүлдірді" деп белсендіні айыптаған екінші полицейдің шағымын қараусыз қалдырды.
Белсенді Роман Рейхерттің адвокаты Жанболат Құлжанов сот үкімімен келіспеді. Үкімнен соң Азаттыққа телефонмен сұқбат берген адвокат апелляциялық сотқа шағымданатынын айтты.
- Тергеу ұсынған видеоайғақта Рейхерттің полиция қызметкерлерін тілдегені ғана бар. Капитан Қалмағанбетті кетпенмен салып қалған сәті түсірілмеген. Сот-медицина сараптамасы да капитан Қалмағанбеттің дене жарақатын алғанын растамады. Одан бөлек Рейхертке полиция капитаны Ерімбетованың жеке көлігін кетпенмен соғып бүлдірді деп айып тағылған болатын. Ол да тергеу дәлел ретінде ұсынған видеода жоқ, - дейді адвокат Құлжанов.
Бұған дейін Роман Рейхерт жарыссөз кезінде тағылған айыпты ішінара мойындаған.
"Полиция қызметкерін тілдегенім рас. Бірақ полицияның әрекеті мені соған мәжбүрледі" деген еді Рейхерт.
Ол полицейді кетпенмен ұрмағанын, жеке көлікті бүлдірмегенін айтты.
Роман Рейхерт бұған дейінгі жазасын өтеп бітпестен тағы да сотқа тартылып отыр. Сот 2020 жылы маусымда "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысқаны үшін" бір жылға пробация бақылауын тағайындаған. Оған бұл іс Қазақстанда "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп қозғалған еді. Еуропарламент өз қарарында ҚДТ мен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Айыптау актісіне сәйкес, биыл 22 наурыз күні полицейлер пробация бақылауындағы Рейхерттің Мәртөк ауылындағы үйіне барып, әйелі Регина Белаловаға шақырту қағазын тапсырмақ болған. Ерлі-зайыптылар Рейхерт пен Белалова 22 наурыз күні шақыртуды алмай, полиция қызметкерлерін үйіне кіргізбеген. Сәлден соң ұлын ертіп, дүкенге шыққан Рейхертті полиция қызметкерлері көшеден ұстап әкеткен. Сол кезде полиция қызметкерлерімен жанжалдасқан Роман Рейхерттің басынан жарақаттанып, ауруханаға түскені хабарланды. Тергеу тарабының айтуынша, Рейхерт жанжал кезінде полицейлерді "таяқпен ұрған".
Осы оқиғадан кейін Рейхертке жоғарыда көрсетілген айыптар тағылды.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауылында тұратын 33 жастағы Роман Рейхерт – төрт баланың әкесі, қарапайым жұмысшы. Мәртөк ауылынан Ақтөбедегі хром қосындылары зауытына қатынап жұмыс істейді.
ПІКІРЛЕР