Accessibility links

OCCRP зерттеуі: Қазақстан журналистерді аңду үшін телефонына вирус жібереді


Бірқатар елдің билігі журналистер мен қоғам белсенділерін бақылау үшін Pegasus дейтін бағдарлама арқылы телефондарына тыңшылық жасайды. Израиль компаниясының өнімін Қазақстан да қолданады. Бұл туралы Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) зерттеуінен көруге болады. Қазақстанның медиа сарапшыла-ры журналистерді аңдитыны жаңалық емес дейді, бірақ зерттеудің мұны жоғары деңгейде дәлелдеп шыққанын айтады.

Pegasus деген – Израильдің NSO Group компаниясы әзірлеген тыңшылық бағдарламасы. Кибербарлауға маманданған бұл компания бағдарламаның террористер мен қылмыскерлерді аңдуға арналғанын айтады. Бірақ зерттеу авторларының айтуынша, оннан астам елдің билігі осы Pegasus бағдарламасының көмегімен журналистер мен қоғам қайраткерлерінің мобильді телефонын бұзып, оны құрылғы иесін аңду үшін пайдаланған.

OCCRP дерегінше, аңдуға ілінгендер ішінде 200-ге тарта журналист пен қоғам қайраткері болған. Қазақстанмен бірге бұл қызметке Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия, Марокко, Руанда, Того Республикасы, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері сүйенген.

Зерттеуде телефонына шпион бағдарламасы орнатылған кей журналистің аты аталады. Олар: әзербайжан журналисі Хадиджи Исмаилова мен оның венгриялық әріптестері Андраш Сабо мен Сабольч Паньи. Аталған адамдар лауазымы жоғары шенеуніктерді журналистік тергеуге маманданған.

Тыңшылыққа ұрынған журналистер мен қоғам қайраткерлерінің аты-жөні әзірге айтылмады. OCCRP деректерді біртіндеп жарияламақ.

"ЖУРНАЛИСТЕРДІ АҢДИТЫНЫ ЖАҢАЛЫҚ ЕМЕС"

Vlast.kz басылымының бас директоры әрі журналисі Вячеслав Абрамов журналистерді аңдитыны жаңалық емес екенін, бірақ зерттеудің осы бір күдікті халықаралық деңгейде растап шыққанын айтады.

Вячеслав Абрамов.
Вячеслав Абрамов.

– Бұл адам құқығын құрметтеу жөнінде қаншама декларация жасаған Қазақстанның заңсыз әдістерді қолданатынын дәлелдеп отыр, – дейді Вячеслав Абрамов. – Бұл жерде осы зерттеу аясында аты мәлім болған журналистердің ешқайсысы қылмыстық істің қатысушысына айналмағанын атап өту маңызды. Мен Әзербайжан мен Венгриядағы әріптестеріміз туралы айтып отырмын. Құқық қорғау органдары [аңду] нәтижесінде оларға ешқандай айып тақпаған. Яғни оларды аңду үшін аңдыған. Белсенділігін тексеріп, не істейтінін, кіммен кездесетінін, дереккөзі қандай екенін білуге тырысқан. Сірә, мұның бәрі заңға қайшы.

Абрамовтың пікірінше, қоғам да, журналистер де азаматтарды телефоны арқылы аңду ісіне реакция білдіріп, биліктен шпион бағдарламасын қай мақсатта қолданатынын сұрауы керек.

Қазақстан құқық қорғау органдарының не айтатыны белгілі. Мұның бәрін жоққа шығарады.

– Біріншіден, біз аңдумен қай мемлекеттік орган айналысатынын анықтап көруіміз керек, – дейді Вячеслав Абрамов. – Бұл тұрғыда біздің мүмкіндігіміз шектеулі. Қолдан келетіні – журналистік сауал жолдау. Бірақ бізге жауап беруі, мұндай жұмыстың болғанын мойындау қоюы екіталай. Қазақстан құқық қорғау органдарының не дейтіні белгілі десек те болады. Мұндай жұмыстың болғанын жоққа шығарады, я дәл сол NSO Group секілді Pegasust-ті не қолданбайтынын, не қылмыскерлерге ғана пайдаланатынын айтады. Олар сірә мұндай істі мойындай қоймас, бірақ біз тергеу жүргенін талап етіп, мұндай істі тоқтатуымыз керек.

"АЛДЫМЕН АҚПАРАТТЫ ТЕКСЕРІП АЛУ КЕРЕК"

"Әділ сөз" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева журналистер мен қоғам қайраткерлерінің телефонын аңдитыны туралы ақпаратты алдымен тексеріп алып, содан кейін қорытынды жасау керек дейді.

Тамара Калеева.
Тамара Калеева.

– Күтпеген жаңалық болды, ауқымы да кең. Сол себепті алдымен негізгі дереккөзден нақты фактілер алу керек. Израильде мұндай ақпаратты алу Қазақстанға қарағанда жеңілдеу, – дейді Калеева. – Біз қазір кімге және қайда сауал жолдау керегін талқылап жатырмыз. Бірақ бұл ақпарат расталса, жеке өмір құқығы, сөз еркіндігі жерге тапталған болады. Меніңше, ешқандай дәлел болмайды, себебі билік аңдыса да, онысын мойындай қоймайды.

OCCRP ақпарынша, телефонға орнатылған шпион бағдарламасы көптеген қызмет атқара алады: жеке мәліметтерді ұрлайды, жазбаларды оқиды, қажет болса микрофон мен камераны іске қосады.

КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МАМАНДАРЫ PEGASUS ТУРАЛЫ БҰРЫННАН БІЛЕДІ

"Кибершабуылдарды тергеу және сараптау орталығы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Олжас Сатиев мұндай бағдарламалардан қорғанудың мүмкін емес екенін айтады.

Телефоныңызды аңдып отырғанын білу қиын, себебі вирусты түрлі хабарламалар арқылы жібереді де, телефоныңыздың ішіне кіріп алады, сіз оларды байқамай да қаласыз.

– Киберқауіпсіздік мамандары Pegasus туралы бұрыннан біледі. Бұл израильдік компанияның дүниежүзі бойынша түрлі мемлекеттік органға сататын кибер қаруы іспетті, – дейді Сатиев. – Телефоныңызды аңдып отырғанын білу қиын, себебі вирусты түрлі хабарламалар арқылы жібереді де, телефоныңыздың ішіне кіріп алады, сіз оларды байқамай да қаласыз. Вирус қонғанын жанама белгілер арқылы байқауға болады. Мысалын, телефон қуаты тез отырып қалады, өйткені онда теріс пиғылды тарап белсенді әрекет жүргізеді. Телефон ауыстырсаңыз, сізді тағы да шабуылдап, вирус жұқтыра алады. Телефон нөмірін ауыстырсаңыз, тағы да шабуылдай алады. Сол себепті кибер қарудан қорғану өте қиын. Қолда бар амалдың бірі – телефонды қайта жүктеу. Бір қарағанға қарапайым көрінген бұл манипуляция кезінде зиянкес бағдарлама жойылып кетіп, сізге вирусты қайта жіберу қажеттігі тууы мүмкін.

Instagram желісіндегі Protenge аккаунты "Pergasus шпион бағдарламасы үшін Қазақстан қанша төледі?" деп сұрақ қойып үлгерді. Тендерлер мен мемлекеттік сатып алуларды тергеуге маманданған бұл каналдың авторлары Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің көлемді шығындарына назар аударған. Каналдың дерегінше, 2021 жылы ҰҚК бюджеті 350 миллиард теңге болған.

"Салыстырар болсақ: жемқорлықпен күрес қызметінің жедел қызметі үшін 6,8 миллиард теңге бөлінді. Яғни бізде жемқорлықпен күрес 50 есе арзан" дейді канал авторлары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG