Беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская Вашингтонға сапарын кезінде АҚШ-тан Беларусьтің демократиялық қозғалысына қосымша көмек сұрады. Бұл туралы "Америка дауысы" сайты хабарлады.
Беларусьті 1994 жылдан бері басқарып отырған Александр Лукашенко былтыр сайлаудан кейін басталған наразылықты күштеп басып-жаншыды. Халық пен оппозиция сайлау нәтижесін мойындамай, бұрмалау көп болды деп наразы болған.
Беларусь режимі Тихановскаяның күйеуі, видеоблогер Сергей Тихановскийді сайлау алдында қоғамдық тәртіпті бұзды деп түрмеге қамаған. Ал Светлана Тихановская күйеуінің орнына сайлауға түскен. Сайлаудан соң Тихановская Литваға кетуге мәжбүр болды.
Дүйсенбі Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки брифинг өткізіп, Тихановская ресми өкілдерімен жолығатынын, президентпен кездеспейтінін айтты.
19 шілде Тихановская АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен, мемлекеттік хатшының орынбасары Виктория Нуландпен және мемлекеттік хатшының кеңесшісі Дерек Шоллемен кездесті.
Кездесуде Тихановская АҚШ-тан Беларусьтегі тәуелсіз басылымдарға, Youtube арналар мен Telegram каналдарға, журналистік зерттеулерге, азаматтық қоғамға, жеке бизнеске жедел көмек сұраған. Бұдан бөлек, Тихановская Вашингтоннан студенттер мен зерттеушілерге бөлінетін стипендияларды да көбейтуді өтінді.
ПІКІРЛЕР