Accessibility links

"Аштықтан әліміз құрыды". Ауғанстанға гуманитарлық дағдарыс қаупі төніп тұр


Жаузжан аймағының орталығы Шеберғанға қашқан тұрғындар

Ауғанстанда кейінгі айларда тәліптердің әскери шабуылынан ондаған мың адам үйін тастап, басқа жерге көшуге мәжбүр болған. Бейбіт халыққа көмектесумен айналысатын ұйымдар елге гуманитарлық дағдарыс қаупі төніп тұр дейді.

Сафия үш баламен жаздың аптап ыстығында ас-сусыз далада отыр.

Ол Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан Құндыз қаласындағы үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Өткен аптада Сафияның үйіне минометтен атылған оқ құлап, отбасының жалғыз асыраушысы – күйеуі көз жұмды.

"Не баспанамыз, не тамағымыз жоқ. Балаларым күнге күйіп, ауырып жатыр. Үкіметтен еш көмек болмады" дейді Сафия. Ол басқа жүздеген адаммен бірге 400 мыңға жуық халқы бар қаланың іргесіндегі далада күнелтіп жатыр.

БҰҰ-ның дерегінше, өткен айдың соңында тәліптер Құндыз қаласына шабуыл жасағаннан кейін 35 мыңнан астам адам үйін тастап қашуға мәжбүр болған.

Ауғанстаннан шетел әскері шығарыла бастаған 1 мамырдан бері елдің ондаған ауданын тәліптер басып алған.

Ауғанстанның Құндыз аймағында соғыстан қашқан босқындардың уақытша лашықтары. Ресми орындардың дерегі бойынша, Құндыздағы соғыс кезінде 10 мың адам босып кеткен.
Ауғанстанның Құндыз аймағында соғыстан қашқан босқындардың уақытша лашықтары. Ресми орындардың дерегі бойынша, Құндыздағы соғыс кезінде 10 мың адам босып кеткен.

Тәліптер Құндыз провинциясындағы тоғыз ауданның алтауын басып алып, елдегі бесінші ірі қала - Құндызды қоршауға алған. Ауған қауіпсіздік күштері бірнеше аптадан бері Құндыз қаласының маңында тәліптермен соғысып жатыр.

Ондаған тұрғын жарақат алып, өлтірілген. Үйін тастап көшуге мәжбүр болған, зорлықтан қашқан немесе тәліптердің қысымымен қаладан қуылған адамдар саны одан да көп. Тәліптер иесіз қалған үйлерді ауған үкіметінің күштеріне қарсы оқ жаудыратын орын есебінде пайдаланып жатыр.

"Бізде тіпті шатыр да жоқ" дейді Құндыз қаласында болған шайқас кезінде жесір қалған үш баланың анасы Насима.

Ол да қала шетіндегі ашық алаңды мекен еткен. "Аптап күннің астында отырмыз. Балаларым аш, шөл қысып жатыр" дейді ол.

ГУМАНИТАРЛЫҚ ДАҒДАРЫС ҚАУПІ


БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары 13 шілдеде әскери қақтығыс ушыққаннан бейбіт халықтың мехнаты артып, жұрт басы ауған жаққа үдере көшуге мәжбүр болып жатқанын, осының салдарынан Ауғанстанға "дағдарыс қаупі төніп тұрғанын" мәлімдеді.

Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар дерегінше, 2021 жылдың қаңтарынан бастап 270 мың ауған азаматы үйінен босып кеткен. Соның салдарынан Ауғанстанда соғыс кесірінен үйінен айырылған халық саны 3,5 миллионға жеткен.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының ресми өкілі Бабар Балох қантөгіс тоқтамаса, ел ішінде және көрші мемлекеттерге кететін босқын көбейеді деп болжайды.

Қандағар тұрғындары қалалық бас ауруханада ем алып жатыр
Қандағар тұрғындары қалалық бас ауруханада ем алып жатыр

БҰҰ дерегінше, Ауғанстанда халықтың жартысына жуығы немесе 18,4 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. БҰҰ 2021 жылы 1,3 миллиард доллар көлемінде қаржы жинауға шақырған. Бірақ бұл қаржының тек 37 пайызы ғана жиналды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен аптада кей нысандар шабуылға ұшырап, қызметкерлер бас сауғалап кеткендіктен, Ауғанстанға дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық жеткізу қиынға соғып жатқанын айтқан. Ұйым дерегінше, Ауғанстанда үш миллионнан астам бала аштық азабын тартып отыр.

Соғыс елдегі нашар гуманитарлық жағдайды одан әрі ушықтырды. Онсыз да құрғақшылықтан қиналып отырған Ауғанстанда коронавирус инфекциясы тарап, өлім-жітім көбейген.

"ТӨБЕДЕН ЗЫМЫРАН ЖАУДЫРДЫ"

Тәліптер шабуылы күшейген сайын көмекке зәру адамдар саны да артып барады.

Сардар Бай әйелімен және алты баласымен елдің солтүстік-батысындағы Фарьяб провинциясы Маймана қаласының маңындағы шаңды жазықта қолдан жасалған шатырда тұрып жатыр.

"Ауылымызға тәліптер шабуыл жасады. Үнемі үстімізден миномет пен зымыраннан оқ жаудырды" дейді 43 жастағы Сардар Бай.

Олар екі апта бұрын өздері тұратын Қайсар ауданын тәліптер басып алғаннан кейін осы жаққа көшкен. Тәліптер Фарьяб провинциясындағы 14 ауданның 12-сін басып алып, 150 мың халқы бар Маймана қаласын қоршаған.

"Ештеңе алып кете алмадық. Аштықтан әлсіреп отырмыз. Бір тиын ақшамыз жоқ. Кішкентай балаларыма баспана табуым керек" дейді ол.

Жергілікті биліктің дерегінше, Түркіменстанмен шекарада орналасқан Фарьяб аймағында тұратын 12 мың отбасы кейінгі апталарда тәліптердің шабуылына байланысты басқа аймаққа көшірілген.

Олардың ішінде отбасындағы 12 жанмен бірге Құрған ауданынан қашқан Абдулла да бар. Қазір ол отбасымен бірге көршілес Жаузжан провинциясының орталығы Шеберған қаласына тұрақтаған. Бұл аймақта тәліптер тоғыз ауданның жетеуін басып алған.

Тәліптер Шеберғанды қоршауға алып, 16 шілдеде қаланың қорғанысын бұзып, тұрғындардың зәресін алды.

"Халіміз мүшкіл, үйімізге орала алмаймыз. Көп адам үйін тастап кетті. 12 адам бір бөлмеде тұрып жатырмыз” дейді ол.

"ЕСІМНЕН ТАНЫП ҚАЛДЫМ"

Маймана – тәліптердің қоршауына түскен ондаған қаланың бірі.

600 мың тұрғыны бар, елдегі екінші ірі қала - Қандағар маңында ауған күштері мен тәліптер кескілескен ұрыс жүргізді.

Кейінгі айда содырлар қалаға жақын маңдағы аудандарды басып алып, полиция бөлімшелеріне бірнеше рет шабуыл жасады. Ал 9 шілдеде Қандағар қаласына басып кірді.

"Ақшам намазы алдында дәрет алып жатқанымда үйімізге снаряд құлады. Есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, әйелім мен балаларым жылап отыр екен" дейді жергілікті тұрғын Мұса Жан.

Жан ауруханаға жатқызылған, ал отбасы қаланың басқа бөлігіне көшірілген.

Қандағар мен оның маңындағы түнгі уақытта коменданттық сағат енгізілген аудандардан 5 мың отбасы көшкен.

Қандағардағы ауған арнаулы жасағы жапа шеккен тұрғындарды құтқарып жүр.
Қандағардағы ауған арнаулы жасағы жапа шеккен тұрғындарды құтқарып жүр.

Үкімет әскері тәліптердің бейбіт тұрғындарды үйінен қуып, елдімекендерді басып алып жатқанын, бұл содырларды қаладан шығаруды одан әрі қиындатып отырғанын айтады.

"Бірнеше аптадан бері қатты шайқас жүріп жатыр. Үнемі минометтан оқ атылады. Шамасы жеткендер бас сауғалап кетіп жатыр" дейді Қандағар тұрғыны Абдул Манан.

Мақала Азаттықтың Ауған қызметі тілшілерінің репортаждары негізінде жазылды. Тілшілердің қауіпсіздігі үшін олардың аты-жөні көрсетілген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG