Accessibility links

"Демпартия" өкілдерінің полиция ғимараты алдында аштық жариялап, түнегеніне екі күн болды


Алматы қалалық полиция ғимараты алдында аштық жариялап отырған "Демпартия" өкілдері. 21 шілде 2021 жыл.
Алматы қалалық полиция ғимараты алдында аштық жариялап отырған "Демпартия" өкілдері. 21 шілде 2021 жыл.

Тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясы" өкілдерінің полиция ғимараты алдында аштық жариялап, түнеп жатқанына екі күн болды. Олар белсенді Абзал Достияровты босатуды талап етеді. Бір күн бұрын оның тағы 15 тәулікке қамалғаны хабарланған еді.

Сәрсенбі күні Азаттық тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінің алдына барғанда "Демпартияның" жеті өкілінің аштық жариялап жатқанын көрді. Олар ғимараттың сол жағындағы темір күркенің астында түнеп шыққан. Полиция өкілдері оларға шараның "заңсыз" екенін ескертті. Журналистерді көргеннен кейін полицейлер камера көзінен таса жерге баруға тырысты. Полиция ғимаратының алдын арнайы жасақтың бірнеше өкілі күзетіп тұрды.

"Біз изоляторда аштық жариялап жатқан белсенді Абзал Достияровты босатуды талап етеміз. Талаптарымыз орындалмайынша бұл жерден кетпейміз" деді наразылар.

Бұған дейін 6 шілде күнгі наразылыққа байланысты әкімшілік қамауға алынған Достияровтың тағы 15 тәулікке қамалғаны белгілі болған еді. Өткен сенбіде сот оны 3 шілдеде Facebook желісінде митингіге шақырғаны үшін әкімшілік жазаға тартқан. Оған Әкімшілік кодекстің 488-бабының 7-бөлігі бойынша ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") айып тағылған. Сот қаулысына сәйкес, ол тағылған айыпты мойындамаған.

Оның алдында яғни, 14 шілдеде Абзал Достияров "қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, жеке тұлғаны қорлағаны" үшін 6 күнге қамалған еді.

Жақтастарының айтуынша, ол өткен аптада ұстау кезінде соққыға жығылған. Кейін Достияров "полицияның заңсыз әрекеттеріне қарсылық білдіріп", аштық жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG