Accessibility links

Әлемде Израильдің тыңшылық бағдарламасына байланысты дау өршіді, Францияда тергеу басталды


Pegasus бағдарламасы көмегімен жеке адамдардың телефондарын аңдыған елдер картасы.
Pegasus бағдарламасы көмегімен жеке адамдардың телефондарын аңдыған елдер картасы.

20 шілдеде Франция прокуратурасы Израильдің тыңшылық бағдарламасы арқылы француз журналистерін аңдыған деген ақпаратқа байланысты тергеу амалдарын бастады.

Прокуратура хабарламасына сәйкес, тергеу кезінде жеке мәліметке қол сұғу, жеке тұлғалардың электронды құрылғыларына бұзып кіру, хабарламаны орта жолда заңсыз алу, қылмыстық топпен байланыс орнату сияқты мәселелер зерттеледі.

20 шілдеде француздың Le Monde басылымы Морокко билігі израильдік тыңшылық бағдарламасының көмегімен Франция президенті Эммануэль Макрон және өзге де лауазымды тұлғаларды аңдыды деген ақпарат таратқан.

Оның алдында бір күн бұрын Mediapart басылымы Морокконың арнайы қызметін аталған бағдарламаның көмегімен басылымның екі тілшісінің телефонын бақылап, аңдыды деп айыптап, сотқа арызданған еді.

Ал ресми Рабат айыпты жоққа шығарды.

17 медиа ұйым - арасында француздың Le Monde басылымы және Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) да бар – журналистер тобы 18 шілдеде зерттеу жариялап, израильдің NSO Group тобын әлем үкіметтерін тыңшылық бағдарламасымен қамтамасыз етті деп тұжырым жасаған. Зерттеуге сәйкес, 2016 жылдан бері әлем бойынша осы бағдарламаның көмегімен 50 мыңға дейін телефон нөмірі тыңдалған болуы мүмкін.

Зерттеу тобы әшкерелеуші материалдарды 18 шілдеде жариялай бастаған. Қазір бұл тізімге Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстағы 14 елдің басшысы кіреді, олардың арасында Қазақстан президентімен қоса Франция президенті Эммануэль Макрон, Марокко патшасы Мұхаммед VI және Мексика президенті бар.

Зерттеу тобының тұжырымы бойынша, ықпалды адамдарды "бәсекелес елдер" не "қызығушы көршілер" нысанаға алған, ал "Қазақстанның президенті мен премьер-министрін өз елдері нысанаға алса керек".

Орталықтың пресс-релизіндегі мәлімет бойынша, Тоқаев "режимдегі нөмірі екінші адам болған кезінде [нысана ретінде] таңдалған". Тоқаев 2013 жылғы қазаннан 2019 жылғы наурызға дейін Қазақстан сенатының төрағасы қызметін атқарған, яғни елдегі екінші лауазымды тұлға болған. Ақпаратқа қарағанда, Тоқаевтың телефоны 2017-2018 жылдары тыңдалғанға ұқсайды.

Елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда отставка кететінін мәлімдеп, оның орнына сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келді. Президент міндетін атқаруға кіріскен Тоқаев мерзімінен бұрын сайлау өткізуге шақырды, сол жылы маусым айында өткен сайлауда Тоқаев жеңіске жетті. Халықаралық бақылаушылар сайлау демократия талаптарына сай өтпегенін айтты.

Зерттеуге сәйкес, Қазақстанда 2 мың шақты нөмір тыңдалған болуы мүмкін. Әзірге, жоба авторлары 8 адамның аты-жөнін жариялады. Бұлар: президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет басшысы Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, журналист Серікжан Мәулетбай, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы Бигелді Ғабдуллин.

Бұған қоса Қазақстан тізімінде Квентин Гиёме мен Мартин Вийом деген кісілердің есімі аталады. Бұлар Қазақстанда беймәлім адамдар болғанымен, болжам бойынша, үкімет қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовқа бола осы кісілерді аңдуға тапсырма берген болуы ықтимал.

Pegasus тыңшы бағдарламасы қарапайым хабарлама арқылы "аңдылатын" адамның телефонына кіріп, оның жеке мәліметтерін ұрлайды, қажетіне қарай микрофон мен камераны қосады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG