Accessibility links

Алматыда ауруханаға түскендер шыққандардан екі есеге көп, стационарлар жартылай толған


Коронавирус жұқтырғандарды жатқызатын уақытша стационар. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырғандарды жатқызатын уақытша стационар. Көрнекі сурет.

Алматыда коронавирус жұтырғандар 86 мыңнан асты. Күн сайын 400-ден астам адам ауруханаға түседі. Бұл ауруханадан жазылып шыққандардан екі есеге көп. 22 шілде күнгі қалалық штабтың отырысында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров осылай деп мәлімдеді. Дегенмен оның айтуынша, қала індеттің үшінші толқынының шегіне әлі жетпеген.

Өткен тәулікте Алматыда 993 адамнан коронавирус анықталған. Қазір стационарларда 3099 адам коронавирустан емделіп жатыр. 228-і реанимация бөлімінде.

"Күн сайын мыңға тарта адамнан коронавирус анықталып жатыр. Салыстыру үшін айта кетейін, індеттің бірінші және екінші толқыны кезінде ең көп дегенде күніне 500-700 науқас тіркелген. Небәрі үш апта ішінде күн сайын тіркелетін науқастар төрт есеге өсті. Бұл өте жағымсыз сценарий. Дельта жылдам тарап барады – жаңа толқынның шегіне әлі жете қоймадық" деді қала әкімінің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, шілденің басынан бері реанимацияға түсетін науқастар үш есеге артқан, соңғы айда үйде карантинде оқшауланып жатқандар (5800-ден астам) алты есеге көбейген.

Әкімдіктің мәліметінше, инфекциялық стационарлардағы орындардың 50 пайыздан астамы бос емес. Тамыз-қыркүйек айындағы болжамды ескере отырып, тағы қанша орын қажеттігі анықталып жатыр. Алматыдағы барлық 6090 орынға қосымша орындар ашылады. Қала билігі сонымен бірге қосымша медицина қызметкерлерін әзірлеп, вакцинаның жалған паспортымен күресетінін мәлімдеді.

2 млн-ға жуық адам тұратын Алматы қаласы коронавирус жұқтырғандар бойынша республикада екінші орында тұр. Қала қазір "қызыл аймақта".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG