Accessibility links

Қарағанды облысының фермерлері субсидияны қайтару туралы талапқа наразы


Қарағанды облысының фермерлері субсидияны бюджетке қайтаруды талап еткен биліктің әрекетіне наразы. Оларға қаржылай көмек асыл тұқымды мал алу үшін берілген. Өтініштері мақұлданып, қажетті процедуралардан өткен фермерлер ақшаны жұмсап үлгерген шақта субсидияны мемлекетке қайтару туралы ескерту түскен.

22 шілде күні облыстың түрлі ауданынан жиналған ондаған фермер мәселені журналистерге баяндады. "Атамекен" кәсіпкерлерді қолдау палатасының бөлімшесі оларды Қарағандыдағы шенеуніктермен кездестірді. Бірақ бұл кездесуге фермерлердің кейбірі қатыса алмады.

— 2016 жылдан бері өгіздерді жалға берумен айналысамын, мал бордақылайтын жер де бар. Осы күнге дейін бізде ешқандай мәселе туындамады, субсидияларды алып жүрдік. Енді міне, мені жемқорлықпен күрес қызметіне шақырып, субсидияны заңсыз алдың дейді. Біз ауыл шаруашылығы министрлігінен түсініктеме де сұрадық: олар мал бордақылайтындардың төлдейтін мал ұстауы шарт емес деген. Бірақ бұл қағазды (мемлекеттік органдар) назардан тыс қалдырды. Олар менің қай жерден қателескенімді түсіндірмеді, есесіне бар айтатыны субсидияны қайтар. Бұл бандиттік құрылым ба не? Мәселе бұлай шешілмеуі тиіс қой, – деді Бұқар Жырау ауданынан келген "Асыл-түлік Қарағанды" кооперативінің жетекшісі Айдос Құлмағанбетов.

Кездесу кезінде прокурорлық тексеріс те болғаны анықталды.

— Бұл мәселе бойынша бізде тексеріс болды. Өткен аптада бізге заңсыз субсидияны қайтару туралы прокуратурадан хабарлама келді. Біз субсидияға асыл тұқымды өгіздер алып, жалға беріп тастағанбыз. Талаппен келіспейміз: төлемдер заңға сәйкес жүрді деп санаймыз. Қазіргі ережелерде қарама-қайшылықтар бар. Прокуратура хабарламасында көрсетілгендей, біз тізімде бар шаруа қожалықтардың барлығын ескерте бастадық, егер он күннің ішінде ақшаны бюджетке қайтара алмасақ, сотқа шағымданамыз. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы министрлігіне сұрау салдық. Олар төлдейтін мал болуы керек пе, жоқ па, соны нақтылап беруі тиіс. Сол кезде сотқа беру-бермеу мәселесі шешіледі, – дейді Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Асқар Санаубаров.

Фермерлер мәселеге кәдімгідей алаңдап отыр. Мәселе тек мемлекет ақшасын қайтару туралы ғана болып отырған жоқ. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуымыз мүмкін деп те алаңдайды.

— Қылмыстық іс тіркелді, біз соңына дейін жүреміз. Бүгін бастаймыз. Ережеден қателік кетті: оператордың төлдейтін малы болуы шарт емес деп көрсетілмеген. Енді қазір соған байланысты субсидияны қайтару жөнінде мәселе туындап жатыр. Әзірге тізімге енген барлық шаруа қожалыққа ескерту жіберу ерте деп санаймын. Әуелі ереженің өзін қарастыру керек, күту керек, — деді Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әлқайдар Асқаров. Аталған мекеме жуырда ауыл шаруашылығы министрлігіне мәселені түсіндіруді сұрап, сауал жолдайды.

Қарағанды қаласы прокурорының айтуынша, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары ешкімді заңсыз түрде жауапқа тартпауға уәде берді. Бірақ шаруалар мемлекеттен субсидияны заңды түрде алғанына сенімді. Кейбірін жемқорлықпен күрес қызметі шақырып, тергеп те үлгерген.

Қазақстанда фермерлерге түрлі мақсатқа, оның ішінде асыл тұқымды мал өсіруге субсидия беріледі. Субсидияға жауапты ауыл шаруашылығы министрлігі елді азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету, өнімділікті арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу арқылы халықты жұмыспен қамту, жаңадан жұмыс орындарын ашу мәселесін алға тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG