Accessibility links

АҚШ барлау қызметі: Ауған үкіметі алты айдан кейін құлауы мүмкін


Ауған әскері шекарадағы пунктердің бірін күзетіп тұр.
Ауған әскері шекарадағы пунктердің бірін күзетіп тұр.

"Талибанның" қыспағына қалған ауған үкіметі алты айдан кейін құлауы мүмкін. АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері кеткеннен кейінгі ауған үкіметінің күшін саралаған Америка барлау қызметі осындай қорытындыға келіп отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Ауған және америкалық шенеуніктердің сөзіне қарағанда, Ауғанстан әскерінде бар күшті негізгі қалаларға жұмылдырудан басқа қауқар қалмаған. Егер Кабул кейбір әкімшілік орталықтардан айырылса, елде өте терең қайшылық орнауы мүмкін.

АҚШ штаб жетекшілерінің біріккен комитетінің жетекшісі Марк Милли Ауғанстан жуырда тәліптердің толық бақылауына өтуі мүмкін деген болжамды жоққа шығармады. Қазірдің өзінде содырлар Ауғанстан территориясының 70-90 пайызын бақылап отыр.

Американың Ауғанстандағы әскеріне жетекшілік ететін генерал Кеннет Маккензидің айтуынша, ауған әскері әу бастан-ақ барлық аудандарға күші жетпейтінін сезген және тек белгілі бір аудандарға ғана күшін жұмылдырған.

"Бәрін бірдей қорғау мүмкін емес. Егер сіз барлығына үлгерем десеңіз, ешқайсысына үлгермейсіз" деді ол.

Оның пікірінше, ауған күштері кей кезде стратегиялық құндылығы жоқ позицияларға назар аударып қателеседі. Генерал сондай қателіктердің бірі ретінде шалғайдағы қорғанысы әлсіз бақылау-өткізу пунктерін қарамағынан шығармау немесе айналасын тәліптер қоршаған нысандарды алу талпынысын атаған.

Бұған дейін Ауғанстан ішкі істер министрілігі тәліптерді Пәкістанмен шекараға жақын Кандагар провинциясында кемінде 100 бейбіт тұрғынды өлтірді деп айыптаған. CNN телеарнасының хабарлауынша, тәліптер АҚШ-қа аудармашы болып жұмыс істеген Сохаил Пардистің басын алған. Тәліптер оны Вашингтонға "тыңшылық жасады" деп айыптаған.

Тәліптер өздері бақылауға алған аумақта қатаң діни ережелер орнатып, әйелдердің құқықтарын шектей бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG