Accessibility links

Екі рет дауыс беру, бақылаушыларды кіргізбеу. Кейбір учаскеде заңбұзушылықтар болғаны хабарланды


Бақылаушылар. Түркістан облысы Бәйдібек айданы Бірлік ауылындағы сайлау учаскесі. 25 шілде 2021
Бақылаушылар. Түркістан облысы Бәйдібек айданы Бірлік ауылындағы сайлау учаскесі. 25 шілде 2021

Ауыл әкімін сайлау күні Қазақстанның түрлі өңірінде кейбір бақылаушылар заңбұзушылықтар болғанын хабарлады.

Мысалы, Ақмола облысы Аршалы ауданы Ақбұлақ ауылындағы сайлау учаскесінде "Нұр Отан" партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті мен партия ақпараты ілінген. Бұл туралы сайлауға бақылаушы жіберіп отырған "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецова хабарлады.

Швецова Назарбаевтың суреті мен партия ақпаратын "Нұр Отанның" үгіт-насихатына балап отыр.

Сайлау учаскесінен түсірілген видеода қоғамдық қордың тағы бір бақылаушысы Дана Буралкиеваның да сөзі бар. Ол өзін бақылаушы ретінде таныстырған әйелдің сайлау учаскесі орналасқан мектептің қызметкері болып шыққанын айтады.

25 шілдеде таңертең журналист Амангелді Батырбеков Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы ауыл учаскесінде бір адам екі рет дауыс берді деп хабарлады. Журналистің жазуынша, бұл жағдай Төлеген Айбергенов атындағы орта мектепте орналасқан №659 сайлау учаскесінде болған. Ол жариялаған видеода бір тұрғын "анасы үшін де дауыс бергенін" мойындайды.

Ақмола облысы Оразақ ауылының тұрғыны Асылбек Рамазанұлы Азаттық тілшісіне бақылаушы ретінде учаскеге келген кезде "ПТР тестіңіз жоқ" деп кіргізбей қойғанын айтты.

– Олар басында вакцина керек, ол болмаса ПТР тест керек болады деді. Жарайды, мен кез келген уақытта дайындап қоямын, алдын ала айтыңдар дедім. Бірақ олар маған хабарласпады. Жергілікті әкімдік айтуы керек еді. Біреуі маған хабарласқан жоқ. Мен басынан аяғына дейін қадағалап отырамын, әділетті болсын деген көңіл-күй, ниетпен келген едім. Көңілім қалды. Мен көп жылдардан сайлауларға қатысып келемін. Бұлардың көп қырсығын білемін, – деді ол Азаттық тілшісіне.

25 шілдеде кейбір аймақта Азаттық тілшілерін кіргізбеу талпынысы байқалды. Мысалы, Іле ауданы Чапаев ауылындағы №415 сайлау учаскесінде сайлау комиссиясының төрайымы Жадыра Оқасова Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлының редтапсырмасын "мұқият" тексеріп, құжатта "нақты негіз жоқ" деді де, тілшінің учаскеден шығуын талап еткен. Алайда Оқасова осыдан кейін телефон арқылы біреумен сөйлесіп, тек содан соң журналиске учаскеден хабар таратуға рұқсат берді.

Кейбір сайлау учаскелерінде бақылаушыларға орын жетпей қалған. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Көктерек ауылдық округіндегі №​179 сайлау учаскесіне бақылаушы ретінде 7 адам келген. Ал жергілікті сайлау комиссиясы 5 бақылаушыға орын әзірлеген. Кейінірек бақылау орталығының өкілі Азаттық тілшісіне карантин талаптарына сай тек 4 бақылаушыға ғана орын әзірленгенін, бірақ "тіркелген бақылаушылар кезек-кезек бақылай алады" деп жауап берді.

Азаттық тікелей эфирде Қазақстанның түрлі өңіріндегі сайлау учаскелерінен лайфблоггинг жүргізіп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG