Accessibility links

"Өмірімді жақсы жаққа өзгертуге тырысамын". Бақылаушылар Ерейментауда заңбұзушылыққа куә болды


Ақмола облысы Ерейментау қаласындағы сайлау учаскелеріне адамдар ағылып жатқан жоқ деп жазды "Еркіндік қанаты" қоры құрылтайшыларының бірі Роман Реймер. Мұндағы №416 сайлау учаскесінде 1898 адам тіркелген. Күндізгі сағат 12.00-ге дейін 295 адам дауыс берген.

"Еркіндік қанаты" бақылаушылары учаскеде заңбұзушылықты байқаған. Олар сайлаушыларға әлі берілмесе де шамамен 10 адамның қолы қойылған бюллетеньдерді көрген. Сайлау комиссиясының төрағасы "мұндай нәрсе қайталанбайды" деп уәде берген.

№ 417 сайлау учаскесінде бақылаушыларға фото-видео түсіруге және сайлау учаскесінде еркін қозғалуға тыйым салуға тырысқан. Бірақ белсенділер "сайлау заңнамасын бірге меңгеру сеансын" өткізгеннен кейін комиссия төрағасы бақылаушыларға жұмыс істеуге рұқсат берген.

Аудандық маңызы бар Ерейментау қаласында "Нұр Отан" кандидаты Сапар Барлыбаев мемлекеттік "Хабар" арнасына берген сұхбатында жаңылысып "жеңген жағдайда өмірімді жақсартуға тырысамын" деп айтқан. Кандидат жеңген жағдайда өзінің ғана емес, "ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға тырысамын" деп айтқысы келген болуы керек.

Кандидаттың шағын сұхбаты әлеуметтік желіде тез таралып кетті.

Дәл осы кандидат оппоненті – өз-өзін ұсынған Абылайхан Сырымбетовті "үгіт-насихат материалдарын орналастыру кезінде заң бұзды" деп айыптап, шағым жазған.

15 шілдеде сот Абылайхан Сырымбетовке айыппұл салды. Судья оны үгіт-насихат материалдарында "өнімді шығарған ұйым, тираж орны, тапсырысты орындаған адамдар мен қандай қаржыға шығарылғаны жөнінде ақпарат жазбады" деп кінәлі деп тапқан.

22 шілдеде сайлау комиссиясы Сырымбетовті сол үшін кандидаттар қатарынан алып тастаған. Оның сайлаудан шеттетілуіне сот шешімі негіз болған, бірақ шешім әлі күшіне енген жоқ.

"Бюллетеньде тізімнен шығарылған кандидаттың аты-жөні жоқ екені қызық. Олар оны жаңа бюллетеньдерді қашан шығарып үлгерген – үлкен сұрақ. Мен өзім Барлыбаевтың оппонентін алып тастағанына наразы болған бірнеше адамды көрдім" деді Роман Реймер Азаттық тілшісіне.

Азаттық тікелей эфирде Қазақстанның түрлі өңіріндегі сайлау учаскелерінен лайфблоггинг жүргізіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG