Accessibility links

The Insider басылымы "шетел агенті" деген белгі қоюдан бас тартты


The Insider басылымы мақалаларына "шетел агенті" функциясын атқаратын БАҚ ретінде танылғанын көрсетіп, арнайы белгі қоймайды. Бұл туралы басылымның бас редакторы Роман Доброхотов хабарлады.

The Insider бас редакторы Роман Доброхотов
The Insider бас редакторы Роман Доброхотов

Оның айтуынша, латвиялық The Insider басылымының Ресейде өкілдігі жоқ. Сол себепті Ресей билігі "шетел агенті" туралы заңды орындамады деп айыппұл сала алмайды. Дегенмен оның пікірінше, Мәскеу оны және басылымның өзге журналистерін қудалауы мүмкін.

Ресей әділет министрлігі Алексей Навальныйды улау сияқты ірі зерттеулерімен танымал The Insider басылымын "шетел агенті" ретінде танылған ақпарат құралдарының тізіміне енгізген. Одан бөлек, реестрге "Проект" басылымының зерттеуші журналистері Михаил Рубин мен София Гройсман, самаралық "Другой город" журналының бас редакторы Юлия Апухтина, "Открытые медиа" журналистері Илия Рождественский мен Алексей Постернак енген.

Бұған дейін реестр 15 шілдеде жаңарған. Ол кезде тізімге "Проект" журналистері Роман Баданин, Петр Маняхин, Ольга Чуракова, Мария Железнова, Юлия Лукьянова, "Открытые медиа" тілшілері Юлия Ярош пен Максим Гликин, BBC-дің Орыс қызметінің тілшісі Елизавета Маетная енген еді.

Ресей билігінің пікірінше, "шетел агенті" ретінде танылған ақпарат құралдары туралы заңнама АҚШ үкіметінің "Америкадағы Ресей журналистеріне қарсы бағытталған әрекетіне" жауап.

2021 жылдың мамыр айында Ресей әділет министрлігі тізімге Meduza.io мен VTimes басылымын қосқан. "Медуза" шешімді сотқа берген. Басылымның пікірінше, заң талаптары ақпарат құралының бизнес моделіне нұқсан келтіріп, оны жабылуға итермелейді. Ал VTimes сайттың жабылатынын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG