Accessibility links

6721 науқас, 90 адам өлімі. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар тағы көбейді


Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

25 шілдеде Қазақстанда 6637 адамның анализінен коронавирус анықталды. Елде коронавирус көрсеткіші үздіксіз өсіп жатыр. Бір күн бұрын 6631 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Былтырдан бері бір күнде осынша көп науқастар тіркелмеген.

Елде коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші де жоғары. Екі күн бұрын 90 адам Covid-тен қайтыс болған: 70 адам – коронавирустан, 20 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.

Елде вирус күшейді. Ресми мәлімет бойынша, маусым айымен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында коронавирус жұқтырғандар 4,8 есе өскен. Билік вирустың күшеюін коронавирустың дельта вариантымен байланыстырады. Ол вирустың кәдімгі түріне қарағанда жылдам тарайды, аурудың асқынуы да тез.

Індет әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы, Шымкент қалаларында, Қарағанды облысында өршіген. Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 1510 адамнан коронавирус анықталды. Алматыда – 1219, Қарағанды облысында – 781, Шымкентте 520 науқас тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда бір тәулікте анықталған науқастар 500-ге жетпейді. 25 шілдеде ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (133) тіркелді.

Індет басталғалы бері 535 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 59 мыңнан астам адам шалдыққан. 24 шілдеде 84 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.

2020 жылдың наурыз айынан бері 5452 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3625 адамның өліміне себеп болған.

Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәлімет тым төмендетілген, шын мәнінде вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар әлдеқайда көп деп санайды.

Қазір 83 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 23 мыңы ауруханада жатыр. 1700-ден астам адамның жағдайы ауыр. 183 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5,1 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3,2 миллионнан асты.

Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG