Accessibility links

Чемпион атанған ғылым докторы һәм өзбекстандық 19 жастағы чемпион


Өзбекстандық 19 жастағы таэквондошы Улугбек Рашидов Токиода олимпиада чемпионы атанды. 25 шілде 2021 жыл.
Өзбекстандық 19 жастағы таэквондошы Улугбек Рашидов Токиода олимпиада чемпионы атанды. 25 шілде 2021 жыл.

Токио олимпиадасында математик, ғылым докторы Анна Кизенхофер олимпиада чемпионы атанды. Өзбекстандық 19 жастағы таэкондошы рейтингте жоғары тұрған қарсыластарын жеңіп, олимпиада алтынын алды. Олимпиада айналасында болып жатқан қызықты жаңалықтарды ұсынамыз.

PhD, ӘУЕСҚОЙ ВЕЛОСПОРТШЫ ҺӘМ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ

Велоспорттан әйелдер арасындағы топтық жарыста австриялық 30 жастағы Анна Кизенхофер чемпион атанды. Кизенхофер велоспортқа 2014 жылы ғана келген. Ол бұған дейін триатлонмен айналысып жүріп, жарақаттанып қалады. Триатлонда жүгіре қиын болғандықтан Кизенхофер велоспортқа ауысқан.

2017 жылдан бері ол ешқандай кәсіби велокоманда құрамында болмаған еді. Әуесқой жарыстарға ғана қатысып жүрген. 2019 жылы Австрия чемпионы атанып, олимпиадаға келді. Велоспорт әлемінде аса танымал емес Кизенхофер Токиода мәре сызығын бірінші болып кесті.

Анна Кизенхофер мәреге келген сәт. Токио, 25 шілде 2021 жыл.
Анна Кизенхофер мәреге келген сәт. Токио, 25 шілде 2021 жыл.

Кизенхофер велоспортпен айналыса жүріп, математикадан PhD ғылыми дәрежесін де қорғап алған. Ол Венадағы техникалық университеттің бакалаврын, Лондондағы Кембридж университетінің магистратурасын, Калатонияда докторантураны тәмамдаған.

Қазір Кизенхофер Швейцарияның Лозанна университетінде ғылыммен айналысады және сабақ береді.

Анна Кизенхофер олимпиада алтынын алған сәт. Токио, 25 шілде 2021 жыл.
Анна Кизенхофер олимпиада алтынын алған сәт. Токио, 25 шілде 2021 жыл.

Бір қызығы, велоспорттан әйелдер арасындағы топтық жарыста нидерландиялық Аннемик Ван Флейтен мәре сызығын кесіп өткенде олимпиада чемпионы болдым деп қатты қуанды. Қолын көтеріп, бапкерін құшақтап алтын алдым деп ойлады. Бірақ кейінірек жарыс ұйымдастырушылары оған алтын емес күміс медаль болғанын хабарлады. Ван Флейтен жолда өзін озып кеткен Кизенхоферді көрмей қалған.

Аннемик Ван Флейтен мәреге келген сәттегі қуанышы. 25 шілде 2021 жыл.
Аннемик Ван Флейтен мәреге келген сәттегі қуанышы. 25 шілде 2021 жыл.

"Мәре сызығын кескенде жеңіске жеттім деп ойладым. Мәреге бес километр қалғанда Марианне Вос Нед (командаласы – ред.) келіп, алдыда ешкім жоқ деп айтқан. Бапкерімізбен телефон байланысы өте нашар болған сияқты" деді ол.

ҚАПЫРЫҚ АУА РАЙЫ СПОРТШЫЛАРДЫ ӘУРЕГЕ САЛДЫ

Токиода қазір күн ыстық әрі қапырық болып тұр. Өзімізбен бірге орамал және бірнеше бөтелке су алып жүрміз. Ыстық ауа райы спортшыларға, әсіресе ашық кортта ойнайтын теннисшілерге қиындық туғызып жатыр. Қазақстандық теннисшілер Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова ыстық ауа райынан кейін матчтарын аяқтай алмай, жарыстан бас тартты.

Шведова Токио олимпиадасында. 25 шілде 2021 жыл.
Шведова Токио олимпиадасында. 25 шілде 2021 жыл.

Шведова матч кезінде ыстықтан қиналып, ойын ортасында тыныс алуы қиындап отыра кетті. Қарсыласы Айла Томлянович (Австралия) оған орамалға оралған мұз апарып беріп, көмек көрсетті.

"Матч жақсы басталған, бірақ бірінші сеттің соңында ыстыққа шыдамадым. Ауа райы қатты әсер етті. Бірнеше гейм ойнауға тырысып едім, жағдайым нашарлай берді. Аяғым ұйып қалды, демалу қиындады. Әріқарай ойнай алмайтынымды түсіндім" деді Шведова матчтан кейін Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне.

Токиодағы теннис кортында отырғандар. 24 шілде 2021 жыл.
Токиодағы теннис кортында отырғандар. 24 шілде 2021 жыл.

Теннисшілер матч кезінде орамалға оралған мұзды мойынға, басқа қойып, салқындауға мәжбүр. Әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович (Сербия) та кортта ойнау "өте қиын болғанын" айтып, теннис ойындарын кешкі бестен кейін бастауды сұраған. Бірақ жарыс ұйымдастырушылары жарыс кестесін өзгерте алмайтынын айтып, бұл ұсынысты қолдамады.

ӨЗБЕКСТАННЫҢ 19 ЖАСТАҒЫ СПОРТШЫСЫ ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫН АЛДЫ

25 шілдеде таэквондодан 68 келіде Өзбекстан спортшысы Улугбек Рашидов олимпиада чемпионы атанды. Ол Токио олимпиадасына дейін көбіне жасөспірімдер арасындағы жарыстарда жүлде алған еді.

Рашидов Токио татамиінде олимпиада фавориті оңтүстік кореялық Ли Дэ Хунды (2012 жылғы олимпиаданың күміс, 2016 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері), 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мирхашем Хоссеиниді (Иран) жеңді.

Улугбек Рашидов (көк формада) финалдағы жекпе-жегін өткізіп жатыр. 25 шілде 2021 жыл.
Улугбек Рашидов (көк формада) финалдағы жекпе-жегін өткізіп жатыр. 25 шілде 2021 жыл.

Ал финалда 2019 жылғы әлем чемпионы Брэдли Синденмен кездесіп, 26:28 есебімен жеңіліп жатқан. Жекпе-жектің аяқталуына 8 секунд қалғанда ол екі рет соққы жасап, 32:28 есебімен жеңіп кетті. Осылайша 19 жастағы Ришадов Өзбекстанға Токио олимпиадасының алғашқы алтынын алып берді.

Қазір Орталық Азия елдерінен тек Өзбекстан мен Қазақстанда медаль бар. Қазақстаннан дзюдошы Елдос Сметов пен ауыр атлет Игорь Сон олимпиадада қола алған. 26 шілдедегі жағдай бойынша, жалпы есепте Өзбекстан 14-орында, Қазақстан 36-орында тұр.

Видео: 8 олимпиадаға қатысқан өзбекстандық 46 жастағы гимнасшы спорттан кетті

8 олимпиадаға қатысқан өзбекстандық 46 жастағы гимнасшы спорттағы карьерасын аяқтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG