Accessibility links

Тунисте президент премьерді отставкаға жіберіп, парламентті таратты


Тунис президенті Каис Саид.
Тунис президенті Каис Саид.

Тунис президенті Каис Саид премьер-министр Хишам әл-Мешишті отставкаға жіберіп, парламенттің жұмысын тоқтатты.

25 шілдеде телеарнадан жасаған үндеуінде Саид жаңа премьермен бірге билік өкілетін қолына алатынын айтты. БАҚ-тың хабарлауынша, парламент ғимаратына әскери техника әкелінген.

Оның алдында бірнеше сағат бұрын ел астанасы және өзге қалаларда ірі наразылық өтіп, демонстранттар парламентті таратуды және үкімет мүшелерін босатуды талап еткен. Жиналғандар шенеуніктердің коронавируспен күрес саясатын сынаған.

Жексенбі күнгі наразылық барысында азаматтар мен күштік құрылым арасында қақтығыс болған. Демонстранттар полиция басқармаларын басып алуға тырысқаннан кейін полицейлер жас ағызатын газ шашқан.

Президент Саид аталған шаралар елді құтқаруға бағытталғанын айтып, Конституция аясында әрекет еткенін жеткізді. Бірақ оның оппоненттері атап айтқанда, парламент спикері Рашид әл-Ганнуши президенттің әрекетін "төңкеріс" деп атады. Исламшыл "Ән-Нахда" партиясына жетекшілік ететін Әл-Ганнуши жақтастарын көшеге шығуға шақырды.

Көбі Тунисті "Араб көктемінен" (2011 жылы көктемде Тунистен басталып, кейін Африка мен Таяу Шығыстың солтүстігіне жайылған үкіметке қарсы наразылық шаралары) кейін демократияға қадам басқан жалғыз мемлекет деп атайды. "Ән-Нахда" кейінгі он жылда Тунисте саяси ықпалын жоғалтпаған саяси күш. Бірақ жексенбі күнгі наразылық бірінші кезекте осы партияға қарсы бағытталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG