Accessibility links

Бір күнде 110 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген рекордтық көрсеткіш


Жедел жәрдем көлігі.
Жедел жәрдем көлігі.

Қазақстанда бір күнде 110 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды. Бұл індет басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Коронавируспен байланысты адам өлімі бойынша екі күн бұрынғы деректі жариялайтын денсаулық сақтау министрлігі сейсенбі күні "25 шілдеде 86 адам – коронавирустан, 24 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды" деп хабарлады.

26 шілдеде Қазақстанда 6797 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұл да рекордтық көрсеткіш. 25 шілдеде 23 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған.

Барлық аймақта вирус күшейді. Дүйсенбі күні Нұр-Сұлтанда - 1537, Алматыда - 1207, Қарағанды облысында – 796 науқас тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда бір күнде анықталған науқастар 500-ге жетпейді. Коронавирус бойынша "сары аймақта" Түркістан облысы ғана қалды. Қалғаны – "қызыл аймақта".

Қазір 87 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 24 мыңы стационарда ем қабылдап жатыр. 1800-ге жуық адамның жағдайы ауыр. 182 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Індет басталғалы бері 542 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 59 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері 5538 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3649 адамның өліміне себеп болған.

Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәлімет тым төмендетілген, шын мәнінде вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар әлдеқайда көп деп санайды.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5,1 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3,2 миллионнан асты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG