Accessibility links

Алматыда 13 белсендінің сотына бақылаушылар мен журналистерді қатыстырмады


Сотқа тергеу изоляторынан қосылған белсенділер (солдан оңға қарай): Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Ноян Рахымжанов (отыр) және Қайрат Қылышев. Алматы, 27 шілде 2021 жыл. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның парақшасынан алынған скриншот.
Сотқа тергеу изоляторынан қосылған белсенділер (солдан оңға қарай): Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Ноян Рахымжанов (отыр) және Қайрат Қылышев. Алматы, 27 шілде 2021 жыл. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның парақшасынан алынған скриншот.

27 шілдеде Алматыда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендінің соты басталған. Бірақ оған бақылаушылар мен журналистерді қоспады. Ақпаратқа қарағанда, сот "Zoom-ның мүмкіндігі шектеулі" екенін айтқан. Онлайн соттардың сапасын алға тартқан құқық қорғаушылар "саясиланған ірі істерде" сот отырысы офлайн өтуі тиіс деп санайды.

Сейсенбі күні онлайн сот таңертеңгі сағат 9 жарымда басталады деп хабарланғанмен өте кешігіп басталған. Оған бақылаушылар, белсенділер, ақпарат құралдарын қоспады. Сотқа өзге бақылаушылармен бірге Азаттық тілшісі де қосыла алмады. Алмалы аудандық сотының өкілі Карина Шабанова Азаттыққа "сотқа қатысушылар көп" екенін, келесі жолы қосуға тырысатынын айтты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, алғашқы сот отырысына тек судья, прокурор және 13 айыпталушы, 6 адвокат қана қатысқан. Судья "Zoom-ның мүмкіндігі шектеулі екенін" және бақылаушылардың процеске "кедергі жасайтынын" айтқан. Бірақ әлеуметтік желіде кейбір құқық қорғаушылар лицензиясы бар Zoom-ға 500-ге дейін адам қатыса алатынын жазды.

"Мұның барлығы соттың толықтай тәуелділігімен және істің саясилануымен байланысты шығар. Сол себепті оны мүмкіндігінше жабық жағдайда өткізуге тырысып жатыр" деді Бақытжан Төреғожина.

27 шілдеде айыпталушылардың бірі Ермек Козиевпен видеобайланыс үзіліп кеткен. Кейінірек қайта қосылмаған күйі отырыс жалғаса берген.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тағы жазбасында Қазақстан жоғарғы соты мен оның өкілі Елена Максютаны да тегтеп, мәселеге назар аударға шақырған. Кейін Елена Максюта Алмалы қалалық сотын белгілеп, "назар аударыңыз, ақпарат күтеміз" деп жазды.

Алматы қалалық соты әзірге түсініктеме бермеді.

Алғашқы сот отырысында айыпталушылардың бірі Гүлзипа Жәукероваға айыптау актісінің тапсырылмауына байланысты сот 3 тамызға шегерілген.

Сот сапасына назар аударған құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "офлайнға өтетін мезгіл жетті" деп санайды.

– Әсіресе, осындай саясиланған, қоғам үшін маңызды ірі сот процестерін офлайн өткізу керек. Сот ғимаратының ішінде-ақ мұны ұйымдастыруға болады. Сот залына прокурорлар, айыпталушылар, адвокаттарды кіргізіп, басқа залда ақпарат құралдарына соттан трансляция жасауына болады ғой. Қазіргі сот процесі сын көтермейді. Себебі, айыпталушылар өздерін не үшін соттап жатқанын білмейді, адвокаттар өздерінің аргументтерінің сотқа жетпей жатқанына шағымданады. Прокурорлар сот отырысында ашық түрде ұйықтап отырады. Судьялар да ұйқылы-ояу. Олар істің жай-жапсарына жете бермейді. Осының бәрі ашық фарсты еске салады, – дейді Бақытжан Төреғожина.

27 шілдеде 5 белсенді: Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов пен Ноян Рахымжанов сотқа тергеу изоляторынан қосылды. Үйқамақта немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген қалған белсенділер мен адвокаттар сотқа әр жерден қосылған. Процеске қатысушылар дыбыс сапасының нашар болғанын айтады.

Қазақстанда пандемияға байланысты былтырдан бері сот отырыстарының көбі онлайн өтіп жатыр. Бұған дейін қоғам назарын аудартқан ірі істерде процеске қатысушылар дыбыстың дұрыс естілмейтінін, өздерінің сөздері судья не прокурорға жетпейтінін айтып, отырыстарды офлайн өткізуге шақырған.

13 белсендіге Қылмыстық кодекстің 405-бап 1-бөлім ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және 405-бап 2-бөлімі бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") баптары бойынша айып тағылған. Оларға тағылған айыптар Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарымен байланысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG