Accessibility links

Маңғыстауда "Қаражанбасмұнай" аутсорсинг компания жұмысшылары ереуілді тоқтатты


"Қаражамбасмұнай" АҚ-ына аутсорсинг қызмет көрсететін Industrial Service Resources мекемесінің ереуілдеп жұмысшылары. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Қаражамбасмұнай кеніші. 28 шілде 2021 жыл.
"Қаражамбасмұнай" АҚ-ына аутсорсинг қызмет көрсететін Industrial Service Resources мекемесінің ереуілдеп жұмысшылары. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Қаражамбасмұнай кеніші. 28 шілде 2021 жыл.

28 шілдеде кешке "Қаражанбасмұнай" компаниясына аутсорсинг келісім-шартпен қызмет көрсететін Industrial service resources мекемесінің 170-тен астам жұмысшысы ереуілді тоқтатты. Бұл туралы Азаттық тілшісіне жұмысшылардың өзі хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, компания басшылығы жұмысшылардың талаптарын орындауға уәде берген.

– Ереуілді кеше кешкі 7 жарымдарда тоқтаттық. Кешкі 8-ге таман шешім шықты. Талаптарымыз түгелдей орындалды деген есеппен отырмыз. Бір айдың ішінде жауабын береміз деп кеше қолымызға хаттама берді. Негізгі талап – штатқа алу мәселесі сол бір айдың ішінде шешілуі тиіс. Екінші талабымыз – жалақысы көтерілмей қалған жігіттердің айлығы 6 тамызға дейін өсіреді деген шешім болды. Сүйтіп, бүгін ереуілге шыққан жоқпыз, – деді 29 шілдеде аты-жөнін атамаған жұмысшылардың бірі Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін жұмысшылар басшылыққа үш талап қойған болатын:

  • Аутсорсинг мекеме жұмысшыларын "Қаражанбасмұнай" компаниясына штатқа алу;
  • Мамыр айында мекеменің 70-ке жуық жұмысшысының жалақысы тек 4 пайызға ғана көтерілген, оны қажетінше өсіру;
  • әлеуметтік пакет енгізу;

"Қаражанбасмұнай" компаниясы баспасөз қызметінің Азаттыққа жолдаған ресми жауабында сәрсенбі күні мекеме басшылары жұмысшылармен кездесті деп жазды.

Ресми жауапта бірінші талапқа қатысты:

"Қазіргі мораторийге байланысты аталған қызметкерлерді "Қаражанбасмұнайдың" (ҚБМ) негізгі штатына қабылдау мүмкін емес. Алайда ҚБМ басшылығы өндірістік қажеттілікті ескере отырып, жоспарлы түрде аутстаффинг қызметкерлерін кезең-кезеңмен штатқа қабылдау арқылы мәселені шешумен айналыспақ. Дегенмен бұл шешім ҚБМ акционерлерінің жан-жақты талқылауы мен келісуін талап етеді. Сондықтан басшылық жұмысшыларға бұл процеске бір айға жуық уақыт кететінін жеткізді" делінген.

Компания екінші талап бойынша жалақыны өсіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады. Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жыл басынан бері IRS-тің 515 жұмысшысының жалақысы штаттағылармен теңестірілген.

Ал әлеуметтік пакет бойынша "аутстаффинг жұмысшыларының тасымалдану, тамақтану, жатақханаларда тұруынан бөлек, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы ҚБМ-ның штаттық жұмысшыларымен толық сәйкес келеді" деп жазылған.

Industrial service resources компаниясы құрылыс-монтаж, ұңғыма жөндеу сияқты түрлі қызмет көрсетумен айналысады. "Қаражанбасмұнай" кеніші Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында орналасқан.

Шілде ортасында "Қаражанбасмұнайға" күзет қызметін көрсететін мекеме жұмысшылары да ереуілге шығып, талаптары орындалғаннан кейін жұмысқа шыққан.

Маңғыстау облысында кейінгі айларда жалақы өсіру мен еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылар наразылығы көбейді. Олардың көбі талаптары орындалғаннан кейін ереуілді тоқтатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG