Accessibility links

"Шымкенттегі сценарий қайталанды". Қарағандыдағы оқиғадан кейін Feminita белсенділері Алматыға жеткізілді


Feminita тобын негізін қалаушылардың бірі белсенді Жанар Секербаева.
Feminita тобын негізін қалаушылардың бірі белсенді Жанар Секербаева.

Қарағандыда әйелдер құқығы, лезбиян, бисексуал, трансгендерлердің жағдайына арналған кездесу өткізбек болып, ашулы топтың "қаһарына ұшыраған" Feminita тобының екі белсендісін полиция түнге дейін бөлімшеде ұстады. Құқық қорғау органдары Feminita белсенділері мен кездесуге қатыспақ болған адамдарды ашулы топ қоршап алған ғимараттын шығарып, полицияға әкелген. Сол жерде босатқан.

Бейсенбіге қараған түні құқық қорғау органдары оларды вокзалға апарып, Алматы пойызына салып жіберген. Бұл туралы белсенділер Азаттық тілшісіне хабарлады.

Секербаева мен Сержанның айтуынша, Қарағанды полициясында олар бейбіт шара өтіп жатқан ғимаратты қоршап, қоқан-лоқы жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш жазған.

— Өтініште мен және Гүлзада Сержан Қарағанды полициясынан бізге тап берген ер адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрадық. Олар біздің жеке қауіпсіздігімізге қол сұқты, қорқытты. Мені иегімнен итерді, аяғымды басып кетті, бір қыздың көзейнегін жұлып алды, екі адамның шашынан тартты, ал біреудің бауырынан ұрды. Полиция арызымызды тіркеді. Бізді кетуге мәжбүрледі. Қарауылмен вокзалға жеткізіп, пойызға отырғызды. Алматыға келген соң да перронда полицейлер бақылап жүрді. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету емес, нағыз қадағалау. Оданша заң бұзғандарды осылай қадағалауы тиіс еді – олар ғимараттың орталық есігіне барып, бізге қоқан-лоқы жасады, – деді Жанар Секербаева Азаттық тілшісіне.

Қарағанды облысының полиция департаментінің өкілдері Азаттыққа белсенділердің өтініштері тіркелгенін айтты. Бірақ ол жақта "полиция әйелдерге топ өкілдерінің ешқайсысын жібермеді" деп сендіруге тырысты. Олар ешкімді ұстамағанын, Feminita белсенділерін қауіпсіздік мақсатында полицияға әкелгенін айтты. Департамент өкілдері полиция жағдайдың ушығуына жол бермеді деді.

"Тренинг өтетін жерге наразы тұрғындар жиналып, шараны өткізбеуді талап етті. Оқиға резонансты сипат алды. Құқық қорғау өкілдері жағдай ушықпас үшін жол ашып, сол жерден кездесуге келгендерді өткізіп, қауіпсіз жерге апарды. Қазір белсенділер Қарағанды облысынан кетті. Оқиға орнында қоғамдық тәртіптің бұзылуына және жаппай тәртіпсіздікке жол берілмеді" деді департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция оқиғаның соңына таман түсірілген видеодан үзінді жариялады. Онда полицияның қатысушыларды микроавтобусқа отырғызу үшін топты екі жаққа ысыруға тырысып жатқаны көрінеді. Бірақ полиция оқиғаның бас кезіндегі жағдайды яғни, кездесуге қатысқан алғашқы топты қалай шығарғанын көрсетпеді.

Feminita белсенділері полиция ақпаратын терістейді. Олардың пікірінше, күштік құрылымдар тренинг қатысушыларының қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмаған.

— Әуелі бізге қосымша есік арқылы шығарып, автобуспен әкетуге уәде берді. Біз келістік. Күттік. Бірақ олай болмады. Біздің негізгі есіктен шыққымыз келген жоқ. Бұл өте қауіпті еді. Полиция бірінші топтың автобусқа қауіпсіз кіруі үшін жағдай жасамады. Полиция гомофобиялық көңіл-күйдегі ер адамдарды тықсыра алмады, олар бізге тиісті. Топ автобустың жанында тұрып, көлікке кіруімізге кедергі жасады. Демек, сол жерде тұрған арнайы жасақ міндетін орындай алмады. Айқайлаған жұрт мұнда "көгілдірлердің" концерті болады деп ойлаған. Оларға "титушкаларды" шақырмай тұрып, бұл әйелдер құқығына арналған феминистік кездесу деп түсіндіруі тиіс еді. Шымкенттегі сценарий қайталанды: біреулер шақырған ер адамдар келіп, агрессия көрсетеді. Қайдағы нәрселерді айтты: қарғап-сіледі, өлім тіледі, — деді Секербаева.

29 мамырда Шымкентте ашулы топ Feminita белсенділерінің кездесуін өткізбей тастаған. Белсенділер ол жақта да шабуылға ұшырады. Бірақ полиция шабуылдаушыларды емес, Секербаева мен Сержанды ұстаған. Олар полиция бөлімшесінде сегіз сағаттан астам уақыт отырды. Артынша көлікке отырғызылып, Алматыға жіберілді.

30 шілдеде белсенділер Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, қысым жөнінде баяндап, Шымкент пен Қарағандыдағы жағдайды салыстырмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG