Accessibility links

Астанада полиция журналист Лұқпан Ахмедияров пен операторды ұстап босатты


Журналист Лұқпан Ахмедияров пен оператор Исатай Дүйсекешевті тоқтатқан полиция қызметкері құжаттарын көрсетуге тырысып жатыр. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2021 жыл. Ахмедияров түсірген видеодан алынған скриншот.
Журналист Лұқпан Ахмедияров пен оператор Исатай Дүйсекешевті тоқтатқан полиция қызметкері құжаттарын көрсетуге тырысып жатыр. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2021 жыл. Ахмедияров түсірген видеодан алынған скриншот.

29 шілдеде кешке Нұр-Сұлтанда полиция LRT маңын түсіріп жүрген журналист Лұқпан Ахмедияров пен оның жанында болған оператор Исатай Дүйсекешевті ұстап, бөлімшеге жеткізген. Бұл туралы Vlast сайты хабарлады. 1,5 сағаттан соң олар босатылған, алайда полиция қызметкерлері олардың үстінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырмаған. Журналист полицияның заңсыз әрекетіне шағымданатынын хабарлады.

Ахмедияровтың Vlast сайтына түсіндіруінше, олар бейсенбі күні кешке астана көшелерін түсіру үшін дрон ұшырған. Бірнеше минуттан соң полиция қызметкерлері келіп, "дронды заңсыз ұшырып жатқанын айтып" ескерткен.

– Жақсы, онда дронды ұшыруға болмайды деген заңды көрсетіңдер дедім. Олар айта алмады. "Сіздерді полицияға жеткізуге мәжбүрміз, сол жерде заңды ма, заңсыз ба, өздеріңіз анықтап аласыздар" деді. Бізді Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізді. Сол жерде біз әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтыруды талап еттік. Олар мұны жасамады. Бізден тек түсініктеме алып, босатты, – деді Лұқпан Ахмедияров.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері Әкімшілік кодекстің 563-бабына ("Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу") сүйенген.

Полициядан шыққан соң жариялаған видеода Лұқпан Ахмедияров полицияның заңсыз әрекетіне шағымданатынын хабарлады. Ол жәй ғана көшені түсіргені үшін ұстау – "нағыз сандырақ" деді.

Азаттық тілшісі 30 шілдеде таңертең Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG