Accessibility links

"Тыңшылық дауы" тұсында Қалмұханбет Қасымов мемлекеттік күзет қызметі жетекшілігінен кетті


Қалмұханбет Қасымов.
Қалмұханбет Қасымов.

Қалмұханбет Қасымов мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымынан босатылды. 30 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жарлыққа қол қойды.

Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те Қасымовтың отставка және мемлекеттік қызметтен кету жөнінде өтініш беріп, өтініші мақұлданғанын жазды.

Қасымовтың міндетін оның орынбасары Ермек Сағымбаев уақытша атқарады.

Жуырда Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP)бастаған бір топ медиа ұйым "тыңшылық бағдарламамен кибераңду" жөнінде ірі зерттеу жариялаған. Қасымовтың отставкаға кеткені осы зерттеу жарияланғаннан кейін хабарланып отыр. Зерттеуге сәйкес, кибераңдуға қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалар (оның арасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар, болжам бойынша оның телефоны сенат спикері болып тұрған кезде тыңдалған болуы мүмкін) мен отставкаға кетсе де, саяси ықпалын жоғалтпаған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев айналасындағы адамдар ұшыраған.

"Назарбаев режимін тұтас – басынан аяғына дейін аңдығанға ұқсайды, оны сол елдің өзінің арнайы қызметі аңдыған сияқты" деп тұжырымдайды зерттеу авторлары.

Бұған дейін президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев халықаралық зерттеуді "дәлелсіз, интрига тудыратын ақпарат" деп атаған.

  • Мемлекеттік күзет қызметі – президентке тікелей бағынатын және соған есеп беретін орган. Ол президент күзеті міндетін атқарады, заңнамада белгіленген өкілет аясында "елбасын" да қорғайды. Бұл атақ отставкадан кейін ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болған Назарбаевқа берілген.
  • 64 жастағы Қасымов мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымын 1,5 жыл атқарды. Оған дейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды. Қауіпсіздік кеңесіне дейін 8 жыл ішкі істер министрін басқарды. Ол министр болып тұрған кезде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында полиция еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшыларға оқ атты. Митингілер күшпен таратылып, азаматтық белсенділер ұсталғаны үшін Қасымов талай рет сынға ұшырады. Белсенділер Алматыда пышақ жарақатынан мерт болған спортшы Денис Тен өлімінен соң ішкі істер министрлігін реформалауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG