Германия федералдық жоғарғы соты Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбаларды модерациялау іс-тәжірибесін заңсыз деп тапты. Әлеуметтік желі екі автордың жазбасын өшіріп, оларды бірнеше күнге бұғаттаған, бірақ ол жөнінде алдын ала хабарламаған. Бұл сот шешімі туралы ақпаратты Süddeutsche Zeitung газеті жариялады.
Сот мұсылмандар мен мигранттар туралы оларды елеп-ескермей төменсіте қарайтын, қағытпа пікірлерді желіде таратқан екі желі қолданушысының шағымын қарады. Олардың сөзін әлеуметтік желі өшіріп тастаған. Енді Facebook ол мәтіндерді қалпына келтіруге міндетті және оларды қайта өшіріп тастай алмайды. Сот шешіміне сәйкес бұл пікірлер сөз бостандығы құқығы арқылы қорғалуы тиіс.
Істің мән-жайының жалпы мағынасынан алып қарағанда сот әлеуметтік желінің Германия заңдарына бағынбайтын, бірақ қызмет көрсету ережелерімен шектелген жазбаларды бұғаттауға қаншалықты құқылы екенін қарастырған деп жазады газет.
Карлсруэ соты Facebook өз платформасында не қалатыны, не қалмайтынын өзі шеше алады деген қорытынды жасады. Бірақ әлеуметтік желі қызметі өзін қолданушылармен қарым-қатынасында ашық болуды және оларға өз ұстанымын түсіндіруге мүмкіндік беруі қажет екенін қаперге салған.
Сот шешімі аталған әлеуметтік желі үшін кейінірек үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Желі өкілі қолданушылармен олардың жазбасының мазмұнын өшіру туралы алдын ала диалог жүргізу тым ұзақ уақыт алатын, "мүлде ақылға қонбайтын" идея екендігін айтты. Дегенмен корпорация жазбаларды бақылауға өзіне мүмкіндік беретін бөлігіне қатысты аталған сот шешімін құптайтынын мәлімдеді деп хабарлады Politico журналы.
ПІКІРЛЕР