Accessibility links

Израиль екі адам қаза болған шабуылға Иранды айыптады


2016 жылғы 2 қаңтарда түсірілген суретте Либерия жалауын таққан Mercer Street мұнай танкері Кейптаун маңында (Оңтүстік Африка) теңізде жүзіп барады.
2016 жылғы 2 қаңтарда түсірілген суретте Либерия жалауын таққан Mercer Street мұнай танкері Кейптаун маңында (Оңтүстік Африка) теңізде жүзіп барады.

30 шілде күні Оман жағалауында Израильге тиесілі мұнай танкеріне жасалған шабуыл салдарынан экипаждың екі мүшесі қаза болған. Израиль бұл оқиғаға байланысты Иранды айыптап отыр. Израиль миллиардері Эйал Офердің Zodiac Group компаниялар тобының құрамына кіретін Zodiac Maritime компаниясы (Лондонда орналасқан) 29 шілдеде Либерия жалауын тағып қызмет атқаратын, жапондар меншігіндегі Mercer Street танкеріне шабуыл жасалғанын хабарлаған.

Бұл оқиғаның егжей-тегжейі жайлы толық мәлімет әлі таратылмады, бірақ шабуыл барысында Румыния азаматы мен Ұлыбритания азаматының көз жұмғаны белгілі болды. Израиль сыртқы істер министрі Яир Лапид шабуылға Иранды кінәлап, Ұлыбритания сыртқы істер министріне бұл оқиғаға байланысты қатаң шара қолдану қажетін айтқанын мәлімдеді.

"Иран – тек Израильдің ғана бейнеті емес, бәрімізге зиян келтіретін терроризмді, бүліншілік пен тұрақсыздықты экспорттайды. Әлем жұртшылығы теңіз айдынында кемелердің еркін жүзуіне де зиян келтіріп отырған Иран терроризміне қатысты үнсіз қалмауы керек" деді Лапид мәлімдемесінде.

Тегеран былтыр ядролық зерттеулермен айналысатын Иран ғалымының қазасының және өзінің ядролық қондырғыларына жасалған шабуылдардың артында тұр деп Израильді айыптаған. Иран билігі Яир Лапидтің мәлімдемесіне байланысты әзірге реакция білдірген жоқ.

Иран үкіметінің араб тілінде хабар тарататын Al Alam телеарнасы аты-жөні аталмаған дереккөздерге сүйеніп, бұл жолғы шабуыл өткенде Сириядағы әуежайға берілген соққыға байланысты күдікке ілінген Израильге жауап болып саналады деген ақпар таратты. Израильдің одақтасы есептелетін АҚШ бұл оқиғаға алаңдап, жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.

AP және Reuters агенттіктеріне сұхбат берген америкалық шенеунік әзірге кім жасағаны белгісіз шабуыл барысында танкерге қарсы дрон қолданылғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG