Accessibility links

АҚШ әділет министрлігі: Трамптың салық декларациясы Конгреске берілсін


АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп.

АҚШ әділет министрлігі 30 шілде күні елдің қаржы министрлігіне бұрынғы президент Дональд Трамптың салық декларациясын Конгрестің бюджет комитетіне өткізуді тапсырды. Осы комитет көп жыл бойы осы құжаттарды алуға талпынғанмен оны қолға түсіре алмаған еді.

Әділет министрлігі меморандумында АҚШ Демократиялық партиясы өкілдері басым Конгрестің өкілдер палатасының бюджет комитеті Республикашылар партиясына мүше, кезінде кәсіпкерден ел президентіне айналған саясаткерден (Трамптан) салық төлеу декларациясын көрсетуін талап ету үшін "жеткілікті дәйектер" ұсынғанын атап өткен. Дональд Трамп АҚШ президенті болып тұрғанда оның іскерлік іс-әрекетін тексергісі келген Конгрестегі демократтардың талпынысына үнемі тосқауыл қойып отырды.

Сол кездегі АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин (Трамптың) салық декларациясын Конгрестің бюджет комитетіне бермейтінін, өйткені Өкілдер палатасындағы саны басым демократтар мұны өз жеке-дара партиялық мүддесіне пайдалану мақсатымен сұратып отыр деген қорытындыға келгенін мәлімдеген еді. Комитет Трамп пен оның компаниялары өз іс-әрекетінде елдің салық заңдарын қаншалықты сақтағанын тексергісі келетінін атап айтып отыр. Конгрестің төменгі палатасының спикері Нэнси Пелоси 30 шілде күні Трамптың салық декларациясын қолға түсіру "ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды мәселе" деп мәлімдеді. Бұрынғы президент Трамп тарабынан оның әділет министрлігінің (аталған шарасы үшін) үстінен сотқа шағым түсіргісі келетіні жайлы әзірге ешқандай түсініктеме берілмеді.

АҚШ-тың басқа президенттерінен айырмашылығы сол, Дональд Трамп өз салық декларациясы туралы құжаттарды және жеке байлығы мен отбасылық компаниясы саналатын "Trump Organization" жөніндегі өзге құжаттарды жариялаудан бас тартқан. Ол кезінде АҚШ Федералдық салық министрлігінің аудитіне байланысты өз салық декларациясы мазмұнын жариялай алмайтынын мәлімдеген еді, бірақ ол аудит неге соншама ұзақ уақытқа созылғаны әлі күнге дейін түсініксіз мәселе болып саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG