Accessibility links

Қытай билігі коронавирустың қайта өршуін Мәскеуден келген ұшақтан көреді


Мәскеудің Шереметьево әуежайында тұрған маска таққан адам. Көрнекі сурет.
Мәскеудің Шереметьево әуежайында тұрған маска таққан адам. Көрнекі сурет.

Қытайдың шығысындағы Нанкин қаласының әкімдігі Мәскеуден ұшып келген Air China компаниясы жолаушылар ұшағын Covid-19 пандемиясы басталғалы бері ең ірі індет ошағының көзі деп атады. Бұл туралы Ресейдің РИА Новости мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлап отыр.

Биліктің дерегінше, қалада кемінде 200 адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Эпидемия елдің 15 провинциясындағы 26 елді мекенге таралды деп хабарлайды Гонконгтегі South China Morning Post газеті. Қытай мемлекеттік баспасөзі Covid-19 коронавирусы күллі әлемге тараған Ухань қаласындағы алғашқы эпидемиямен салыстырғанда Нанкиньде пайда болған індет ошағы әлдеқайда күшті болып отыр деп жазады.

Кемінде 52 жайтта вирус геномы Ресейден оралған ұшақтың бортында табылған геномға ұқсас болған. Вирус алдымен жергілікті әуежай жұмысшыларына жұққан: қатерлі ауру Мәскеуден келген ұшақты тазалаушылардан тараған деген болжам бар.

Нанкинде 8,5 миллион адам тұрады, енді оларды жаппай тексермек. Қытай билігі былтыр коронавирустың бүкіл елге тарауына жол бермей, ауыздықтай алғанын айтады. Осы мақсатта вирус бары анықталған қалалар мен провинцияларда ең қатаң карантин шаралары енгізілген еді.

Бірақ Қытайда статистика мәліметтерінің жариялануын елдегі билеуші Коммунистік партия бақылап отырады және оның қаншалықты сенімді екендігін бағалау мүмкін емес. АҚШ "компартия індет басталғаны жайлы ақпаратты жариялауды көп уақыт кешіктірді, бұл оның күллі әлемге таралуына дем берді" деп Пекинді айыптайды.

Ресей – әлем бойынша коронавирус пандемиясынан аса қатты зардап шеккен елдің бірі. Ресми статистикаға сәйкес, елде Covid-19 жұққан 158 мыңға жуық науқас қайтыс болған. Демографтардың көбі шындығында өлгендер бұдан бірнеше есе көп деп санайды.

Ресми мәліметке сәйкес, Ресейде індет басталғалы бері 6 млн 240 мыңнан астам адамға коронавирус жұққаны анықталса, Қытайда 105 мыңға жуық адам вирус жұқтырып алған. Қытайда шамамен 1,4 миллиард адам бар, ірі қалаларда тұрғындар тығыздығы Ресейге қарағанда әлдеқайда жоғары саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG