Accessibility links

Францияда "санпаспортқа" қарсы наразылық акциясы өтті


Франциядағы акция кезінде наразылар "Санитарлық паспортқа жол жоқ" деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Париж, 31 шілде 2021 жыл.
Франциядағы акция кезінде наразылар "Санитарлық паспортқа жол жоқ" деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Париж, 31 шілде 2021 жыл.

31 шілде күні Парижде он мыңнан астам адам көшеге шығып, коронавирус санитарлық паспортына қарсылық білдірді. Олар ел президенті Эммануэль Макронның коронавируспен күрес шараларына наразы.

Мемлекет басшысы адамдарды екпе салдыруға шақырып, көнбегендерге шектеулер енгізуді ұсынған. Ал осы аптада ел парламенті жаңа заң қабылдап, ол бойынша денсаулық сақтау саласының қызметкерлері вакцина салдыруға міндетті болып шықты. Ал дәмханалар мен барларға кіргенде, пойызға отырғанда, музей мен кинотеатр секілді жабық орындарға барғанда санитарлық паспорт көрсету қажет болды. Санитарлық паспортта кісінің не теріс нәтижелі ПТР анықтамасы бары не толық вакциналанғаны көрсетіледі.

67 миллион халқы бар Францияда халықтың жартысына жуығы толық вакциналанған. Бірақ әлемде коронавирустың "дельта" варианты тез тарап, доминант вариантқа айналған тұста 30 шілде күні елде 24 мың Covid науқасы тіркелді. Шілденің басында күн сайын небәрі бірнеше мың ғана науқас анықталатын. Ел билігі бұған жауап ретінде коронавируспен күрес шараларын күшейтуді жөн көрді. Бірақ мұнысы наразылыққа тап болды.

"Біз сегрегацияланған қоғам құрғалы отырмыз, адам құқығын әлпештейтін елде мұндай нәрсені жасау адам ойына сыймайды" деді Париждегі наразылардың бірі Анна есімді мұғалім. Мұғалім тегін айтудан бас тартты. "Мен көшеге сол себепті шықтым. Осыған дейін наразылыққа қатысып көрмегенмін. Меніңше біздің бостандығымызға қауіп төніп тұр".

Наразылық акциясы салыстырмалы түрде бейбіт өтті. Бірақ кей жерлерде шерушілер полициямен қақтығысып қалып жатты. Associated Press агенттігінің мәліметінше, Францияда қарсылық акциясына 200 мыңнан астам адам, ел астанасы Парижде 14 мыңнан астам адам қатысқан. Мұндай акциялар елде үшінші апта қатарынан өтіп жатыр.

Індет басталғалы елде коронавируспен 6,2 миллионға жуық науқас тіркеліп, оның 112 мыңы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG